Ойын-сауық индустриясындағы рекорд: GTA VI бір күнде 3,79 млрд доллар табыс тапты

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Grand Theft Auto VI (GTA VI) ойыны сатылымға шыққан алғашқы тәулікте 3,79 млрд доллар түсім әкеліп, ойын-сауық индустриясының тарихындағы ең табысты шығарылым атанды. Бұл туралы ойынның әзірлеушісі Rockstar Games пен оның бас компаниясы Take-Two Interactive мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көптен күткен GTA VI 19 қарашада жарық көрді. Компанияның 20 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, ойынның алғашқы күнгі әлемдік сатылымы 3,79 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткішке алдын ала тапсырыстар да кіреді.

Салыстыру үшін айтсақ, 2013 жылы шыққан GTA V алғашқы 24 сағатта 800 млн доллар, ал үш күн ішінде 1 млрд доллар табыс әкелген болатын. Ол кезде бұл ойын әлемдегі ең жылдам сатылған ойын-сауық өнімдерінің бірі ретінде тарихқа енген еді.

Арада 13 жыл өткенде GTA VI алдыңғы бөлімнің алғашқы тәуліктегі нәтижесін шамамен 4,7 есе арттырды. Оның үстіне жаңа ойынның алдын ала сатылған даналарының саны 32,5 миллионға жеткен. Бұл да ойын индустриясы үшін рекордтық көрсеткіш.

Бір қызығы, GTA VI бір күнде көптеген Голливуд фильмдерінің бүкіл прокат кезеңінде жинаған табысынан да көп қаражат әкелген. Мәселен, әлемдегі ең кассалық фильмдердің бірі «Аватар» 2009 жылдан бергі көрсетілімдерінде шамамен 2,9 млрд доллар жинаған.

GTA VI шығарылымын жанкүйерлер 13 жыл күтті. Rockstar Games ойынды әзірлеуге сегіз жылдан астам уақыт жұмсаған. БАҚ мәліметінше, оны жасауға және жарнамалауға кеткен шығын 1 млрд доллардан асуы мүмкін. Алайда компания әзірге жобаның нақты бюджетін жариялаған жоқ.

Жаңа бөлімнің оқиғасы АҚШ-тың Майами қаласына негізделген ойдан шығарылған Вайс-Сити қаласы мен Леонида штатында өтеді. Басты кейіпкерлер – Люсия Каминос пен Джейсон Дюваль есімді жұп. Олардың оқиғасы қылмыс әлемі, қауіпті тапсырмалар және өзара қарым-қатынас төңірегінде өрбиді.

Ойынның стандарт нұсқасы АҚШ-та шамамен 80 доллар тұрады. Қазір ол PlayStation 5 және Xbox Series X/S ойын консольдерінде қолжетімді. Компьютерге арналған нұсқасы мен көп ойыншыға арналған онлайн режимі кейінірек шығады деп күтілуде.

GTA VI сыншылар тарапынан да жоғары баға алды. Rockstar Games мәліметінше, ойын Metacritic платформасында 100 ұпайдың 99-ын жинап, ең жоғары бағаланған бейнеойындардың біріне айналған.

Rockstar Games негізін қалаушы Сэм Хаузер ойыншылардың қызығушылығы компанияның күткенінен де жоғары болғанын жеткізді.

«Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың қолдауына шексіз ризамыз. Grand Theft Auto тарихындағы жаңа кезеңді бастау біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Сарапшылар GTA VI табысы мұнымен шектелмейді деп болжайды. Алдағы уақытта компьютерлік нұсқасы мен онлайн режимі шықса, ойын қосымша табыс әкелуі мүмкін.

Тэгтер:

Grand Theft Auto GTA