Павлодардағы жылу электр орталығынан өрт шықты

Бүгін, 22:15 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ

Павлодар қаласындағы №3 жылу электр орталығының аумағында өрт шықты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жалынды толық сөндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт жылу электр орталығының градирнясында, яғни өндірістік суды салқындатуға арналған құрылғыда болған. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келгенде градирняның ағаш торламасы ашық жалынмен жанып жатқан.

Төтенше жағдай туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына құтқарушылар жіберілді. Өрттің таралуына жол бермеу үшін арнайы штаб құрылып, сөндіру жұмыстары ұйымдастырылды. ТЖМ қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде өрт толықтай сөндірілді. Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.