АҚШ-та мектепте алған жарақатынан кейін есте сақтау қабілеті бұзылған бойжеткен төрт жылдан астам уақыт бойы әр таңын бір күнде оянғандай өткізген. Ол күн сайын өзін 2017 жылдың 13 қазанында жүргендей сезініп, жаңа оқиғаларды есінде сақтай алмаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл оқиға америкалық Кейтлин Литтл есімді бойжеткеннің басынан өткен. Оның өмірі 2017 жылдың 12 қазанында мектептегі қарапайым жаттығудан кейін күрт өзгерген. Сол күні Кейтлин мектепте жүгіру жаттығуына қатысып жүрген. Оқушылардың бірі әзілдеп басқа қызды итерген кезде, қыздардың бірі абайсызда Кейтлиннің самай тұсынан басымен соғып алған.
Алғашында қарапайым жазатайым оқиға болып көрінген жағдай кейін бойжеткеннің өмірін түбегейлі өзгертті.
Дәрігерлер Кейтлиннің миы қатты шайқалғанын анықтаған. Жарақаттан кейін оның есте сақтау қабілетінде күрделі өзгерістер пайда болған. Бойжеткен жаңа ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтай алмайтын жағдайға түскен. Соның салдарынан әр таң сайын ұйқысынан оянғанда өзін 2017 жылғы 13 қазанда, яғни жарақат алған күннің ертеңінде жүргендей сезінген. Осылайша, айналасындағы адамдар үшін күндер, айлар мен жылдар өтіп жатса да, Кейтлиннің қабылдауында уақыт бір орында тұрып қалғандай болған.
Бұл жағдай төрт жылдан астам уақытқа созылған.
Қыздың ата-анасы оның денсаулығын қалпына келтіру үшін көптеген дәрігерге жүгінген. Алайда мамандар ұзақ уақыт бойы есте сақтау қабілетінің мұндай бұзылуына тиімді ем таба алмаған. Тіпті дәрігерлердің бірі Кейтлиннің жағдайына күмән келтірген.
Қыздарының болашағына алаңдаған ата-анасы ақырында журналистерге жүгінуге шешім қабылдаған. Кейтлиннің ерекше оқиғасы теледидар арқылы көрсетілгеннен кейін оған түрлі сала мамандары назар аудара бастаған. Мамандардың көмегімен 2022 жылы Кейтлиннің денсаулығы біртіндеп жақсара бастаған. Ол қайтадан жаңа оқиғаларды есте сақтау қабілетіне ие болған. Дегенмен жарақаттан кейінгі кезеңге қатысты кейбір естеліктері толық қалпына келмеген.
Бойжеткен қалыпты өмірге бейімделіп, болашағына қатысты жаңа жоспарлар құра бастаған. Ал 2026 жылдың қазан айында Кейтлиннің өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Ол сүйіктісіне тұрмысқа шықты.
Қыздарының ауыр сынақтан өтіп, өз отбасын құрғанын көрген ата-анасы бұл сәтті ерекше қуанышпен қабылдаған. Кейтлиннің айтуынша, осы жылдар ішінде ата-анасының қолдауы мен табандылығы оған қиындықтарға мойымауға көмектескен.