Петропавл қаласында ВАЗ-2111 және Audi A6 автокөліктерінің соқтығысуы салдарынан төрт адам ауруханаға жеткізілді. Кейін зардап шеккендердің бірі, 50 жастағы әйел медициналық мекемеде қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жол-көлік оқиғасы 21 қараша күні сағат 10:54 шамасында болған. Полицияның мәліметінше, екі автокөлік Петропавл қаласындағы Уәлиханов және Гашек көшелерінің қиылысында соқтығысқан.
Жол апатынан кейін оқиға орнына жедел медициналық жәрдем қызметкерлері шақырылған. Апат салдарынан төрт адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемелерге жеткізілген. Олардың арасында Audi A6 автокөлігінің 29 жастағы жолаушысы, ВАЗ-2111 көлігінің 54 жастағы жүргізушісі мен 50 жастағы жолаушысы, сондай-ақ 36 жастағы жаяу жүргінші бар. Өкінішке қарай, ВАЗ-2111 автокөлігінде болған 50 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ол ауруханада көз жұмған.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлері 21 қараша күні сағат 10:54 шамасында Петропавл қаласындағы Уәлиханов және Гашек көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр", – деп мәлімдеді ведомство.