Петропавлда жиһазға тапсырыс берген 24 адам алаяқтың құрбаны болды

Бүгін, 17:36 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Петропавлда жиһаз жеткізуге уәде беріп, тұрғындарды 15 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыратты деген күдікпен 35 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, бірнеше қала тұрғыны әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы жиһаз дайындау және жеткізумен айналысатын компанияға тапсырыс берген. Алайда алдын ала төлем жасағанымен, тапсырыс берген жиһаздарын алмаған.

Тергеу барысында 2025 жылдан бері кәсіпорынның орындалмаған міндеттемелерінің жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуықтағаны анықталған. Қазір іс бойынша 24 эпизод тіркелген.

Компанияның 35 жастағы басқарушысы клиенттерден ақша қабылдағанымен, олар таңдаған тауарларға жеткізушілерден тапсырыс бермеген. Бүгінде серіктестіктің иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікті деп танылған.

«Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтауды жалғастырып жатыр. Әрбір өтінішке құқықтық баға беріледі», – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Аталған қылмыс үшін келтірілген залал сомасының үш еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция азаматтарға сатушының немесе қызмет көрсетушінің сенімділігіне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.