Қостанай облысында қасқыр адамға шабуыл жасады (ВИДЕО)

Бүгін, 16:38 / Інжу Әлихан

Ақкөл ауылында қасқырдың шабуылынан ер адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz «ТоболИнфо» басылымына сілтеме жасап.

Ауылдық округ әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, оқиға кешкі уақытта болған. Зардап шеккен азамат ауылға ата-анасын көруге келген. Ол қонаққа бара жатқан кезде көшеде қасқырға тап болған.

Жыртқыш ер адамның қолынан тістеп алған. Жарақат алғанына қарамастан, азамат қасқырды көшенің жарық жеріне дейін сүйреп жеткізген. Осы кезде көмекке келген көршілері жыртқышты өлтірген.

Зардап шеккен ер адам жедел жәрдем көлігімен Жангелдин аудандық ауруханасына жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы туралы ақпарат әзірге жоқ.

Ауыл әкімінің мәліметінше, күз мезгілінде елді мекенге қасқыр, түлкі және қабан сияқты жабайы жануарлар жиі кіреді.

Балғабай Қалиев тұрғындардың қару-жарағы жаппай тәркіленгендіктен, жыртқыштардан қорғану қиындағанын айтты. Қазіргі уақытта ауылдағы бірнеше тұрғынның ғана қару ұстауға рұқсаты бар. Алайда олардың елді мекенде үнемі болмауы көшелерді тұрақты бақылауға мүмкіндік бермейді.