Түркістан облысында 1,1 млрд теңге жымқырған күдікті қамауға алынды

Бүгін, 11:35 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған субсидияларды жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті субсидияларды жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген.

Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы әрекет еткен. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.

Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген.

Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.

Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.