Құрылтай Спикері Парламентаралық одақтың президентімен кездесті

Бүгін, 10:01 / Дана Ізтілеуова
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай Астанаға жұмыс сапарымен келген Парламентаралық одақтың президенті Милтон Дикпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Парламентаралық одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мемлекеттердің цифрлық дамуындағы парламенттердің рөлін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айбек Дәдебай Милтон Дикті жауапты лауазымға сайлануымен құттықтап, Парламентаралық одақ басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Қазақстанға жасағаны үшін алғыс білдірді. 

 Құрылтай Төрағасы қонаққа Қазақстан Президенті бастамасымен жүзеге асқан ауқымды саяси реформалар – жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайға көшу және Вице-Президент пен Халық кеңесі жаңа институттарының енгізілуі туралы айтып берді.

 – Құрылтайдың қазіргі кезеңдегі басты міндеті  –  Мемлекет басшысының барлық реформаларын сапалы жүзеге асыру үшін күшті және заманауи заңнамалық базамен қамтамасыз ету. Сондай-ақ заң шығару қызметін жетілдіруге, парламенттік бақылауды жүзеге асыруға және қоғаммен тікелей әрі ашық диалог орнатуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бұл ретте Парламентаралық одақпен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен басқа елдердің парламенттерінің тәжірибесін зерделеу біз үшін зор маңызға ие, - деді Айбек Дәдебай.

Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Құрылтай Төрағасы Парламентаралық одақтың президентіне елімізде аймақтағы ең қуатты екі суперкомпьютер іске қосылғанын, үшіншісі жақын арада іске қосылатынын және мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн режимінде көрсетілетінін айтты. Бұл жетістіктердің негізінде жаһандық үрдістерді ескере отырып, елімізде ұлттық заңнаманы тұрақты түрде жаңарту жұмыстары жатқанын атап өтті.

– Цифрлық технологияларды дамыту Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі және «Жасанды интеллект туралы» Заң әзірленіп, күшіне енді, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы қабылданды, – деді Құрылтай Төрағасы.

Шетелдік қонаққа еліміздегі заманауи IT мамандарын даярлау туралы да ақпарат берілді. Осы орайда жүздеген мың азаматқа жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту үшін қажетті құзыреттіліктерді игеруге мүмкіндік берген мемлекеттік «AI-Sana» бағдарламасының жүзеге асырылуына айрықша назар аударылды.

 Өз кезегінде Милтон Дик Қазақстанға сапары туралы жылы лебізін білдіріп, барлық кездесулердің жемісті болғанын атап өтті.

– Қазақстанға Парламентаралық одақтың Президенті ретінде алғашқы ресми сапарымды жасағаныма өте қуаныштымын. Қазақстанның электрондық парламенттен жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын парламентке көшу бағытына деген ұстанымы мені ерекше тәнті етті, сондай-ақ осы үдерісті жүзеге асыруға Құрылтай депутаттарының қосып жатқан үлесімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Біз жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Ал парламентарийлер ретіндегі басты міндетіміз – жасанды интеллект технологияларының азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етуін қамтамасыз ету, – деді ол.

Бұған дейін Парламентаралық одақ басшысының сапары аясында Құрылтайда Төрағаның орынбасары Динара Зәкиеваның қатысуымен AI-Quryltai зияткерлік платформасының таныстырылымы өткен болатын. Ол AI-Quryltai көмегімен әзірленген алғашқы заң жобасы – «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» құжатты әзірлеуге қатысты тәжірибелерді бөлісіп, оның негізгі ережелерін таныстырған.

Құрылтайдың осы бағыттағы тәжірибесі мен әзірлемелері Брюссельде өткен Электрондық парламент жөніндегі World e-Parliament Conference 2026 дүниежүзілік конференциясында да сәтті таныстырылды.

Анықтама: Парламентаралық одақ (ПАО) – әлемнің тәуелсіз  мемлекеттерінің ұлттық парламенттерін біріктіретін ең көне әрі ірі халықаралық ұйым. Оның құрамына 183 ұлттық парламент (оның ішінде Қазақстан Республикасының Құрылтайы) және қауымдастырылған мүшелер ретінде 15 өңірлік парламентаралық ұйым кіреді. Қазақстан 1993 жылғы 4 наурыздан  бері ПАО-ның толыққанды мүшесі.