Маңғыстауда иіс тиіп, үш баласынан айырылған отбасы қызды болды

Бүгін, 21:28 / Нұрлан Әлинұр
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысында 51 жастағы әйел ЭКО арқылы қыз баланы дүниеге әкелді. Нәресте 17 қарашада облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында туған, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Медициналық мекеменің мәліметінше, сәбидің салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр болған. Әйел кесарь тілігі арқылы босанған. Ота жасаған дәрігер – Жапырақ Епенова. Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік жеңіл өткен. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.

Күмісай Палекеева күйеуі екеуінің қайтадан ата-ана болуға қалай шешім қабылдағанын айтып берді. Оның сөзінше, ол мұндай жаста бала көтеріп, дүниеге әкелемін деп ойламаған.

Алайда дәрігерлердің қолдауының арқасында ерлі-зайыпты сәбилі болу бақытын қайта сезінген.

Күмісай алғаш рет 1995 жылы ана атанған. Кейін отбасында тағы екі бала дүниеге келген. Алайда ауыр қайғылы жағдайдан кейін ерлі-зайыпты балаларынан айырылып, үйде екеуі ғана қалған.

Уақыт өте келе олар ЭКО процедурасына жүгініп, тағы да ата-ана болуға бел буған.

«Үйіміз бос қалғаннан кейін ЭКО арқылы болса да, бала көтеріп, босануды шештім. Қасымда сүйеніш болатын, қамқорлық жасайтын жан болса екен дедім. Сол бала үшін өмір сүріп, бір нәрсеге ұмтылғым келді», – дейді Күмісай.

Жақындарының қолдауы мен дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында процедура сәтті өткен. Алғашқы доплер-УДЗ кезінде ерлі-зайыпты қыз күтіп жүргенін білген. Нәрестеге Әрия есімін әкесі таңдаған.