«Талай сынақтан өттік»: Сәкен Бибосынов жаңалығын жария етіп, көз жасына ерік берді

Бүгін, 17:46 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов көптен күткен қуанышты жаңалығын бөлісті. Спортшының отбасында ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Боксшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Оның айтуынша, бұл қуанышқа жету үшін отбасы талай қиындықты бастан өткерген. Ерлі-зайыпты бұған дейін үш перзентінен айырылған.

«Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен. Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық. Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар», – деп жазды Сәкен Бибосынов.

Спортшы көптен күткен сәбиінің дүниеге келуін Алланың берген аманаты деп атап, ұлының дені сау, ғұмыры ұзақ болуын тіледі.

«Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей... Алланың қалауымен ұлды болдық! Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт», – деп жазды ол.

Сондай-ақ боксшы перзент аңсап жүрген барлық ата-ананың тілегі қабыл болып, шаңырақтарына сәби күлкісі ұялауын тіледі.