Әнші Ақбота Керімбекова отбасындағы жағдайға қатысты сыр бөлісті. Өнер иесі үлкен ұлының шаңырағы шайқалғанын, ал бұрынғы келінімен қазір байланысы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол ажырасқан отбасыларда балалардың әке жағындағы туыстарымен араласуына кедергі келтірмеу керегін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы әнші Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты.
Ақбота Керімбекованың сөзінше, үлкен ұлы отбасын сақтап қала алмаған. Қазір бұрынғы келінімен араласпайды. Әнші келінінің өзі байланыс орнатуға ниетті емес екенін жасырмады.
«Үлкен ұлым ажырасып кетті. Қазір келініммен араласпаймын, араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасса, баланы алып қашады? Ата-енесіне, әкесіне берсін, олар да көмектессін. Сол әулеттен туды, солардың ұрпағы. Баланы әкесіне, ата-апаларына көрсетпейтін қыздарды түсінбеймін. Мүмкін, өкпе-назы бар шығар. Уақыттың еншісіне қойдым», – деді ол.
Әнші ұлы мен келінінің екі жаққа кетуіне отбасындағы баспана мәселесі себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, келіні жеке тұруды қалағанымен, әжесінің тәрбиесінде өскен бала одан кеткісі келмеген.
«Үлкен ұлымның ажырасуының себебі – келін бөлек шыққысы келді. Ал бала апасының бауырына басқан баласы. Мен жалғыз қыз болғаннан кейін анам үлкен ұлымды бауырына басқан. Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді. Бәрі содан басталды. Ұлымдікі де дұрыс па деп ойлаймын. Бөлек шықсаңдар шығыңдар, ажыраспаңдар деп те айттық. Біз біраз тырыстық. Екі жаққа кетті, өз өмірлерін сүріп жатыр», – деді Ақбота Керімбекова.
Сондай-ақ әнші екінші ұлы өз отбасын өзі қамтамасыз етіп отырғанын, ал кенже ұлының әлі жас екенін атап өтті.