GTA ойыны психикаға қалай әсер етеді? – 20 жылдық зерттеу нәтижесі

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Grand Theft Auto (GTA) сияқты қатыгездік көп компьютерлік ойындар адамның мінезін өзгертіп, оны агрессивті ете ме? Психологтар мен нейробиологтар бұл сұраққа 20 жылдан астам уақыт бойы жауап іздеп келеді. Зерттеулердің басым бөлігі мұндай ойындар адамның ұзақ мерзімді мінез-құлқын міндетті түрде өзгертетінін дәлелдей алмаған. Бұл туралы PsyPost ғылыми басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

19 қарашада көптен күткен GTA VI ойыны шықты. Осыған орай ғалымдар әйгілі ойын сериясының адам психикасына әсерін зерттеген ондаған ғылыми жұмыстың нәтижесін қайта қарастырған.

Алғашқы тәжірибелер GTA ойнау адамның көңіл күйіне қысқа мерзімге әсер етуі мүмкін екенін көрсеткен. Мәселен, 2016 жылы 194 студент қатысқан зерттеуде ойын ішінде адамдарға шабуыл жасаған қатысушылар боулинг ойнағандарға қарағанда көбірек ашуланған. Әсіресе ойынды үш өлшемді экраннан көргендерде бұл әсер күштірек байқалған.

Алайда ашулану сезімі ойын аяқталғаннан кейін де ұзақ сақтала ма?

2019 жылы Германия ғалымдары 77 ересек адамға екі ай бойы тәжірибе жүргізген. Қатысушылардың бір тобы күн сайын шамамен 30 минут GTA V ойнаса, екінші топ The Sims 3 ойнаған. Үшінші топ мүлде компьютерлік ойын ойнамаған.

Екі айдан кейін ғалымдар олардың агрессия деңгейін, өзгелерге жанашырлық таныту қабілетін, эмоциялық жағдайын және өзін-өзі бақылауын тексерген. Нәтижесінде GTA ойнаған адамдардың басқа топтармен салыстырғанда қатыгез болып кеткені анықталмаған.

2023 жылы Аустрия зерттеушілері тағы бір тәжірибе жүргізген. Олар 89 ер адамды екі топқа бөліп, біріне GTA V ойынында адамдарды ату, екіншісіне сол кейіпкерлерді суретке түсіру тапсырмасын берген.

Екі апта ішінде бірінші топтың әр қатысушысы орта есеппен 2845 виртуалды кейіпкерді өлтірген. Бірақ ми қызметін тексерген кезде олардың өзгенің ауырсынуына жанашырлық таныту қабілеті төмендегені байқалмаған.

Ғалымдар GTA мен шынайы өмірдегі қылмыс арасындағы байланысты да зерттеген. АҚШ-та жүргізілген талдауларда қатыгез компьютерлік ойындардың сатылымы артқан кезеңдерде ауыр қылмыстар көбейгені анықталмаған. Кейбір кезеңдерде керісінше қылмыс саны азайған. Алайда бұл ойындар қылмысты азайтады дегенді білдірмейді.

Дегенмен жасөспірімдерге қатысты зерттеулердің нәтижесі біркелкі емес. Кейбір ұзақмерзімді бақылауларда GTA сияқты ойындарды көп ойнайтын жасөспірімдердің қауіпті әрекеттерге, соның ішінде жол ережесін бұзуға, алкоголь мен темекіге әуестенуге бейімділігі жоғары болған. Бірақ бұл өзгерістерге ойынның өзі себеп болғаны дәлелденбеген.

Ғалымдардың айтуынша, компьютерлік ойынның адамға әсері оның жасына, мінезіне, отбасылық ортасына және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін.

Осылайша 20 жылдық зерттеулер GTA адамның ашуын уақытша күшейтуі мүмкін екенін, бірақ ересек адамдарды ұзақ мерзімде қатыгез етіп өзгертетініне сенімді дәлел жоқ екенін көрсетеді. Ал балалар мен жасөспірімдерге ықпалын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Тэгтер:

ойын психика ГТА қатігездік