Испания үкіметі дерек орталықтарына қойылатын талапты күшейтті. Енді ірі деректер орталықтары тұтынатын электр энергиясының кемінде 80%-ы қалпына келетін энергия көздерінен алынуы тиіс. Жаңа ереже 20 қарашада қабылданды. Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дерек орталықтары – интернет қызметтері, бұлтты жүйелер және жасанды интеллект жұмыс істеуі үшін қажетті ақпаратты сақтап, өңдейтін ірі сервер кешендері. Олардың үздіксіз жұмысы мен жабдықтарды салқындатуға көп электр энергиясы және су қажет.
Испания билігі мұндай нысандардың қарқынды көбеюі елдің электр желісіне шамадан тыс салмақ түсіріп, тұрғындар мен кәсіпорындар үшін электр бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Жаңа талапқа сәйкес, электр қуаты 10 мегаваттан асатын ірі деректер орталықтары тұтынатын энергиясының кемінде 80%-ын жаңартылатын көздерден алатынын дәлелдеуі керек. Оның үстіне электр энергиясының өндірілген және тұтынылған уақыты да ескеріледі. Бұл талап күн мен жел энергиясын өндіруді арттыруға ынталандыруды көздейді.
Компаниялар қажетті электр энергиясын өз қондырғыларынан өндіре алады немесе жаңартылатын энергия өндірушілерімен ұзақмерзімді келісімшарт жасаса алады. Сонымен бірге электр қуатын сақтау жүйелерін пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Ережеде суды үнемдеу талаптары да бар. Деректер орталықтары серверлерді салқындатуға жұмсалатын судың мөлшерін қысқартып, энергия тиімділігін арттыруы тиіс.
Тағы бір маңызды өзгеріс – ақпарат қауіпсіздігіне қатысты. Мемлекеттік қызметтер үшін аса маңызды, оның ішінде денсаулық сақтау, салық, энергетика және көлік салаларына қатысты құпия деректер Еуропалық экономикалық аймақта сақталуы керек. Ал өзге елдерден бұл жүйелерге қол жеткізу қатаң бақыланады.
Талаптарды бұзған компанияларға айыппұл сипатындағы өтемақы төлемдері мен басқа да санкциялар қарастырылған. Кей жағдайда деректер орталығын электр желісіне қосу құқығы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Испанияның экологиялық өтпелі кезең министрі Сара Аагесеннің айтуынша, елдегі деректер орталықтарына қазірдің өзінде 15 гигаватт қуатқа электр желісіне қосылуға рұқсат берілген. Тағы 20 гигаваттқа жуық сұраныс қаралу кезегінде тұр.
Министр жаңа ережелер қабылданбағанда деректер орталықтарының көбеюі электр жүйесіне жыл сайын қосымша 5 миллиард еуро шығын әкелуі мүмкін екенін айтты. Үкіметтің болжамынша, мұндай жағдайда өнеркәсіп кәсіпорындары электр энергиясы үшін 25%-ға дейін артық төлеуі ықтимал еді. Бұл – нақты жұмсалған қаржы емес, реттеу болмаған жағдайда туындауы мүмкін шығынның есебі.
Дегенмен жаңа талаптарды сала өкілдерінің бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Кейбір компаниялар жаңартылатын энергияны пайдалану шарттары жобалардың құнын арттырып, инвесторлардың Испанияға қызығушылығын төмендетуі мүмкін деп санайды.
Соған қарамастан Испания үкіметі елді экологиялық талаптарға сай деректер орталықтарын дамытуға қолайлы мемлекетке айналдыруды көздейді. Сонымен қатар билік 2030 жылға дейін электр желілерін кеңейту мен жаңғыртуға 17 миллиард еуродан астам инвестиция салу жоспарын мақұлдады.