Түркістан облысында жас жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған 9-сынып оқушысы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға биыл мамыр айында Түркістан облысының Леңгір қаласында болған. Қараусыз қалған ғимараттардың бірінен жас жігіттің мәйіті табылған. Құқық қорғау органдары жүргізген тергеу барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тоғызыншы сыныпта оқитын қыз ұсталған.
Сотта анықталған мән-жайларға сәйкес, оқушы қылмысты алдын ала жоспарлап, бір күн бұрын пышақ сатып алған. Кейін жігітті кездесуге шақырып, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Сот мәліметінше, жасөспірім жігіттің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін дүкеннен сіріңке мен тез тұтанатын сұйықтық сатып алған. Ол кейін оқиға орнына қайта оралып, марқұмның денесін өртеген. Салдарынан мәйіттің шамамен үштен бір бөлігі күйген. Іске қатысты мәліметтерді судья Дәурен Мадалиев жариялады. Сот отырысында жиналған дәлелдер зерттеліп, айыпталушының кінәсі анықталған.
Сот жасөспірімді адам өлтіру қылмысы бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.