Астанадағы "самса дауынан" кейін цехтың жұмысы тоқтатылды

Бүгін, 20:31 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Астанада санитарлық талаптарды сақтамады деген айыппен жұрттың наразылығын тудырған Samsa food тағам дайындау цехының жұмысы тоқтатылды. Тексеру барысында көптеген заңбұзушылық анықталып, кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталған цехтағы тағам дайындау процесі түсірілген бейнежазбалар тараған болатын. Кадрларда қызметкерлердің пицца қамырына кетчупті қолмен жағып жатқаны, ал кәсіпкер әйелдің жерге түсіп кеткен самсаны қайта көтеріп алғаны байқалады.

Желі қолданушылары дайын тағамдардың еденде тұрған ыдыстарға салынғанына және кейбір жұмысшылардың қолғап пен арнайы баскиім кимегеніне де назар аударған.

Оқиға "Жетінші арна" тілшілері аталған цехқа барғаннан кейін тіпті ушыға түскен. Телеарна мәліметінше, журналистер тағамдардың қандай жағдайда дайындалатынын анықтауға тырысқан. Алайда кәсіпкер әйел түсірілім тобына қарсылық көрсеткен. Хабарланғандай, ол тілшінің микрофоны мен телефонын тартып алып, журналистерге қоқан-лоқы көрсеткен. Сондай-ақ көлігімен операторды қағып кетуге әрекеттенгені айтылды.

Телеарна сюжетінде аталған цехта дайындалған өнімдер Астанадағы шамамен 300 дүкенге жеткізіліп отырғаны да хабарланған.

Әлеуметтік желідегі шағымдардан кейін елорданың Сарайшық ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тұрғындардың арыздары "e-Өтініш" порталы арқылы түскен. 19 қарашада жүргізілген тексеру барысында кәсіпорын қызметін бастау туралы міндетті хабарламаның болмағаны анықталды. Осыған байланысты цехтың жұмысына тыйым салынды. Сонымен қатар міндетті медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмыстан уақытша шеттетілді. Ал кәсіпкер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Санитариялық бақылау мамандары кәсіпкерге анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берді.

Тэгтер:

Астана