Астанада 103 миллион теңге жымқырған алаяққа сот үкімі шықты

Бүгін, 20:02 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.сom

Астанада автокөлік саудасы арқылы азаматтарды алдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Оның әрекетінен Астана мен Қарағанды тұрғындары 103 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана қалалық сотының мәліметінше, ер адам автокөліктерді сатып алу және сатумен айналысып, азаматтардың сеніміне кірген. Ол көлігін сатқысы келетін адамдарға банктен автонесие алуға мақұлдау алған дайын сатып алушылары бар екенін айтқан. Осы ұсынысқа сенген азаматтар өздерінің автокөліктерін қашықтан басқа адамдардың атына рәсімдеуге келіскен. Алайда көліктер жаңа иелерінің атына тіркелгеннен кейін ер адам бұрынғы иелерімен есеп айырыспаған. Сот материалдарына сәйкес, ол түскен қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Тергеу барысында жалпы алты алаяқтық эпизоды белгілі болған. Олардың арасында аса ірі мөлшерде жасалған қылмыс та бар. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 103 миллион теңгеден асқан.

Сот отырысында айыпталушы Қарағанды тұрғындарына қатысты тағылған айыптарды мойындамаған. Ол осы эпизодтар бойынша өзін ақтауды сұраған. Ал Астана тұрғындарына қатысты әрекеттері бойынша кінәсін ішінара мойындап, алаяқтыққа баруға мәжбүр болғанын жеткізген.

Сот істің мән-жайын, келтірілген залалдың көлемін және оның өтелмегенін ескере отырып, ер адамды 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған алты жыл бойы автокөлік сатып алу және сату саласында қызмет атқаруға тыйым салынды.

Тэгтер:

Астана Сот