«Он жылын арнады»: Михаил Шайдоров бапкері туралы жазба жариялады

Бүгін, 17:48 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ресейлік бапкер Алексей Урмановпен жұмысын аяқтағанын мәлімдеді. Спортшы әлеуметтік желіде жазба жариялап, он жыл бойы бірге жұмыс істеген жаттықтырушысына алғыс білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Осыдан он жыл бұрын, 12 жасымда, үлкен арманмен, өз күшіме деген сеніммен және жетістікке жетуге деген құлшыныспен оның оқу-жаттығу жиынына келген едім. Сол кезден бастап бір команда болып, кезінде көпшілік сенбеген биіктерді бірге бағындырдық. Осы жылдар ішінде талай қиындықты еңсердік. Жарақат та алдық, сәтсіздіктерге де тап болдық. Жеңістерге бірге қуанып, ауыр сынақтардан бірге өттік. Ең бастысы, осы жолда бапкерімнің маған деген сенімін үнемі сездім», – деп жазды Шайдоров.

Олимпиада чемпионы бапкерінің кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ғана емес, тұлға ретінде өсуіне де үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Он жыл ішінде Алексей Евгеньевич маған мол тәжірибесін беріп, бар білімі мен күш-жігерін менің дамуыма арнады. Оның арқасында спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де есейдім. Қуанышты да, қиын сәттерді де бірге өткердік. Мұның бәрі жадымда мәңгі сақталады. Өмірімде осындай білікті бапкер, ақылшы әрі тәлімгердің кездескеніне шексіз ризамын. Бүгін біз бір кездері армандауға да батылым жетпеген жетістіктерге жетіп, осы кезеңді аяқтап отырмыз», – деді спортшы.

Сонымен қатар Михаил Шайдоров алдағы уақытта жаңа мақсаттарға ұмтылып, Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғау үшін еңбектене беретінін жеткізді.

«Енді алға жылжитын уақыт келді. Алда жаңа кезең күтіп тұр. Оның оңай болмауы, кейде тіпті жүрексінетін сәттердің кездесуі де мүмкін. Бірақ жаңа мақсаттар мен сынақтар болатыны анық. Елімнің намысын әлемдік деңгейде абыроймен қорғау үшін бұрынғыдай бар күшімді салып, аянбай еңбек етемін. Осы уақытқа дейін маған сеніп, қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын», – деп жазды Олимпиада чемпионы.