Домбыраны өз бетінше үйренген чилилік Мария Аргентина Муниос

Бүгін, 17:45 / Túrkistan Gazeti

Чилиде көпшілік Димашты айрықша қа­дір тұтады. Мен оларға Димаштың туған елі – Қазақстан туралы да айтып жүре­мін. Домбыраға сүйіспеншілігім мені тұтас бір елмен жақындастырды. Димаштың шы­ғар­машылығымен ғана шектелмей, Қа­зақ­станның тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін зерт­тей бастадым. Адамдар Қазақстанды тек Ди­маш арқылы ғана емес, оның табиғатының әсем­­дігімен, бай мәдени мұрасымен де та­нып, білсе екен деймін.

– Біз сұхбаттасқан шетелдік жан­күйер­дің көпшілігі Димаштың қайта­лан­бас дауысы мен әншілік шеберлігіне тән­ті. Ал сізді оның әншілігімен қатар, күй тарту өнері де ерекше қызықтырған екен. Домбыра шертуге қызы­ғу­шы­лы­ғыңызды Димаштың орындауындағы қай күй арттырды?

– 2023 жылы мұғалім әріптесім маған Ди­маш туралы айтып берді. Кейін оның әнін тың­датқан кезде таңданысымды жасыра ал­м­адым. «Мұндай дауыс болуы мүмкін бе?» деп ойладым. Кейін YouTube желісінен оның «Адай» күйін шерткенін көрдім. Сол сәтте екі ішек­ті ғана аспаптың осындай қуатты үн шы­ғара алатынына қайран қалдым. Дом­быраның үні бірде нәзік те әсем естілсе, бірде тұтас оркестрдің үніндей асқақтап кетеді. Сол кезде домбыраға сүйіспеншілігім оянды. Бұл менің өмірімдегі үлкен бетбұрыс болды. Мен мұны үнемі айтып жүремін: Димаш өмі­рімді жақсы жаққа өзгертті. Бұған дейін де өміріме көңілім толатын. Күнделікті тір­шілігім жұмыс істеу, оқушыларыма сабақ беру және анама қамқорлық жасаумен өте­тін. Бірақ өнердің мені осындай жаңа әлем­мен таныстыратынын ойламаппын. Ди­маш­тың қайталанбас дауысы, домбыраның тыл­сым үні мені бұрын білмеген, бұрын се­зін­беген рухани әлемге жетеледі. Ал дом­бы­раның арқасында қазақтың күй өнеріне құр­метім мен ықыласым бұрынғыдан да ар­та түсті. 

Чилиде көпшілік Димашты айрықша қа­дір тұтады. Мен оларға Димаштың туған елі – Қазақстан туралы да айтып жүре­мін. Домбыраға сүйіспеншілігім мені тұтас бір елмен жақындастырды. Димаштың шы­ғар­машылығымен ғана шектелмей, Қа­зақ­станның тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін зерт­тей бастадым. Адамдар Қазақстанды тек Ди­маш арқылы ғана емес, оның табиғатының әсем­­дігімен, бай мәдени мұрасымен де та­нып, білсе екен деймін. 

– Өзіңіз кәсіби музыкантсыз ба, әл­де?

– Мен Аргентинада дүниеге келдім. Бірақ от­ба­сым – Чилиден. Әкем жұмыс бабымен Ар­­­гентинаға қоныс аударғандықтан, мен сон­да тудым. 16 жасқа дейін Аргентинада тұр­дым, кейін отбасымызбен Чилиге қайта орал­дық.
Қазір мектепте биология пәнінен сабақ бере­мін. Музыкаға қызығушылығым бала ке­зім­нен басталды десем болады. Тілім шық­қаннан бастап музыкаға әуес болдым десем ар­тық айтпаймын. Бәрі ойыншық пиа­нино­дан басталды. Содан бері музыка өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ұстаздықты да жаным сүйеді. Ал музыкаға ықыласым тіпті бө­лек. Музыка – мен үшін жай ғана әуестік емес, өмірімнің маңызды бір бөлігі.

– Екі жыл бойы домбыраны өз бе­тіңіз­ше үйреніпсіз. Таңғалдырғаны, па­рақ­шаңыздан осы аралықта көп ком­позицияны шебер ойнайтыныңызды байқадық. Өзіңіз айтпасаңыз, мұғалім­сіз үйренгеніңізге сенбес едім.

– Дәл солай. Екі жыл бұрын YouTube плат­­­­формасынан домбыра үйренудің жолдарын іздей бастадым. Басында оңай болған жоқ, өйт­кені кирилл әліпбиін білмейтінмін. Кейін күйші, сазгер Жақсылық Нәдірбековті тап­тым. Ол кісі домбыра шертуді үйрететін «Дом­быра софт» бағдарламасын әзірлепті. Сол бағдарламаны сатып алып, бейне­са­бақ­тарды көріп отырып, өз бетімше үйрене бас­­тадым. Сөйтсем, музыканы есту қабілетім жақ­­сы екен. Көргенімді тез меңгеріп аламын. Ән­ді үш-төрт рет тыңдасам, әуенін оңай жат­­­тап аламын. Бұл қабілетім домбыра үй­рен­генде де көп көмектесті. Қазір көп күйді орындалуын көрмей-ақ, тек тыңдау арқылы үйрене аламын.
Ал қазір домбырадан арнайы сабақ алып жүр­мін. Бақтияр Аманбайдың бейнеса­бақ­тарын бір жыл бұрын көрген едім. Ол жуыр­да онлайн сабақ өткізуді қолға алды. Сондай-ақ менің үшінші домбырамды да Бақтияр ше­бер жасап берді. Қазір ол аспап Чилиге ке­ле жатыр. Тағатсыздана тосып жүрмін.

– Алғашқы екі домбыраны қайдан, кім­нен алдыңыз?

– Алғашқы домбырамды eBay арқылы тап­сырыспен алдырттым. Кішкентай аспап екен, ұзындығы небәрі – 44 сантиметр. Кейін оның балаларға арналған домбыра екенін біл­дім. Оны алғашында аңғармаппын. Соған қа­рамастан, домбыра тартуды дәл осы аспап­пен үйрене бастадым. Өзіме қатты ұнады. Кейін Нұрбек шеберден кәсіби домбыра са­тып алдым. Үшінші домбырам айтып өтке­нім­дей, жолда «келе жатыр». Ал төртіншісін та­ғы да Нұрбек шеберге тапсырыс бердім. Ол тұ­тас ағаштан ойып жасалған, көне үлгідегі ерек­ше домбыра болмақ.

– «Балқадиша», «Самал», «Қараторғай» ән­дерін де орындап жүрсіз. Әндерді үй­ренбес бұрын сөздерінің мағынасы мен шығу тарихын зерттеп, қазақшадан ис­пан тіліне аударатыныңызға таңбыз.

– Дәл солай. Қазір кирилл әліпбиінің ша­­мамен сексен пайызын меңгердім. Ән­дер­ді үйренгенде олардың мәтінін зерттеп, ау­дарып, мағынасын түсінуге тырысамын. Қа­зақ тілін арнайы үйренуге уақытым үнемі же­те бермейді. Дегенмен осындай ізденіс­тер­дің арқасында көптеген жаңа сөз бен сөз тір­кесін меңгеріп жүрмін. Орындайтын әнім­нің сөзін түсіну мен үшін өте маңызды. Ән­ді тек әуеніне салып орындау аздық етеді, оның мазмұнын да жүрегіммен сезінгім ке­леді.

– «Балқадиша» әнін тыңдаған сайын көзіңізге жас үйірілетінін айтыпсыз. Бұл әннің жаныңызға соншалықты жа­қын болуының себебі неде?

– Мен сізге өмірімдегі өте сырлы оқи­ға­ны айтып берейін. Өмірімде бірнеше рет жа­қын адамымнан айырылдым. Тіпті, до­сым­нан да жақын, болашақта өмірлік сері­гі­ме айналуы мүмкін деп ойлаған адамым жол апатынан қаза тапты. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Балалық шағымда да жү­ре­гіме жара салған сәттер аз болған жоқ. Мы­салы, Аргентинадан Чилиге көшуім оңай­ға соқпады. Мен Чилиді жақсы көремін, бір­ақ бала кезімде үйреніп қалған ортамды, туған жерімді қиып кету қиын болды. Кейін өз басымнан өткен қайғыны, сезімдерімді қа­зақ халқымен байланыстыра алатынымды түсіндім. Өйткені қазақ халқының да талай қа­сіретті бастан өткергенін білемін. Ашар­шы­лық пен қуғын-сүргін тарихын оқыдым. Ал «Балқадиша» әні менің жан дүниемді ерек­ше толқытады. Тыңдаған сайын өзімнің бас­тан кешкен ауыр сәттерім көз алдыма ке­леді. Әсіресе, алты жасымда сүйікті әпкем­нің тұрмысқа шыққан кезі есіме түседі. Ол мен үшін екінші анамдай еді. Әпкемнің үй­ден кеткені бала жүрегіме қатты батты. Сон­­дықтан «Балқадишаны» тыңдағанда сол кез­дегі сезімдерім қайта оянады.

«Дударай» әні де мені ерекше баурайды. Әннің негізінде жатқан махаббат хикаясы өте әсерлі. Мен ол ән туралы деректерді қы­зы­­ғып оқимын. Тіпті, менде Дудар мен Ма­риям­ның суреттері де бар.

– Қай күйді қайта-қайта орындаудан жа­лықпайсыз?

– Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін ерек­ше жақсы көремін. Бұл күйдің менің жү­ре­гімде орны бөлек. Өз бетімше үйренген ал­ғашқы күйім де  – Құрманғазының «Ала­тауы». Одан кейін «Ата толғауды» үйрендім. Ал «Кісен ашқанның» әсері мен үшін тіпті ерек­ше. «Әсем қоңыр» күйін орындағанды да жақсы көремін.

– Парақшаңыздан байқап қарасам, қа­зақ музыканттарымен де, басқа да көп отандасымызбен жақсы араласады екен­сіз. Сұрағым келгені, домбыра шер­туден бөлек, қазақ достарыңыздан тағы нені үйрендіңіз?

– Қазақ достарымнан үйренгенім көп. Әсіресе, үлкенге құрмет көрсетіп, оларды «аға» деп сыйлап сөйлеу дәстүрі маған ерек­ше ұнайды. Қазақтың салт-дәстүрі, отба­сын­дағы тәрбие, тарихы, тілі мен музыкасы тура­лы да көп мәлімет алдым. Ерекше айта ке­тер­лігі, олар үнемі жаңа әндер ұсынып оты­рады. «Мария, мына әнді тыңдап көрші, сен де орындай аласың» деп, түрлі шы­ғар­малармен таныстырады. Олардың арқасында қа­зақшам жақсарып, сөздік қорым да мо­лай­ды. Әсіресе, «Айналайын» деген «жылы» сөзді ерек­ше жақсы көремін. Қазақтардың үлкен­ді сыйлап, кішіні құрметтеуі, адамдарға ізетпен қарап, жы­лы сөйлей білуі мені тәнті ете­ді. Осындай қарым-қа­тынас мәдениетінен үйренерім көп екені сөзсіз.

– Өзіңіз айт­қан­дай қазақ ті­лін үй­ренуге уа­қыт тап­шы бол­са да, ра­сын­да ті­­ліңіз жа­тық еке­ні бай­қа­ла­ды. Әсіресе, «Ана­­­шым» әнін орын­дағанда тілі­міз­ге тән төл ды­быс­­­тарды анық әрі дұ­­рыс айтасыз. Олар­­ды дұрыс айтуға ар­найы көңіл бөлесіз бе?

– Қазақ тілін әзірге өз бе­тімше үй­реніп жүрмін. Оқулығым да бар. Бұған дейін онлайн сабақтарға қа­ты­сып, төрт сабақ алдым. Бірақ кейін уа­қы­­тым жетпей қалды. Қазір домбыраға кө­бірек уақыт бөлгім келеді. Жұмыс, үй шаруа­сы, бәріне бірдей үлгеру оңай емес. Дегенмен демалыс күндері қазақ тілі сабақтарын қайта жал­ғастырсам деймін.

Қазақ әндерін үш жылдан бері үзбей тыңдап келемін. Соның арқасында тілге тән дыбыстардың айтылуын жақсы меңгердім. Қазір оларды сенімдірек айта аламын. Күн сайын қазақша ән айтқанда ондағы әр сөзді мүмкіндігінше дұрыс айтуға да мән беремін.
Менің бір үлкен арманым бар. Instag­ram парақшамды көрген өзге ұлт­тар, соның ішінде орысша сөйлейтін қазақ­тар да «Қазақ тілін үйренуге болады екен, Мария сияқты біз де сөйлей аламыз» деп үлгі алса деймін. Парақшама аударма көмегімен болса да, қазақша жазба жариялауға тыры­сып жүрмін. Алдағы уақытта қазақ тілін же­тік меңгеріп, өз ойымды ешкімнің көме­гін­сіз жеткізгім келеді.

– Қазақстанға әлі табаныңыз тимесе де, must-visit тізіміңіздің басында Қа­тон­қарағай тұр екен. Бұл мекен сізді не­сімен қызықтырды? Неліктен ең ал­дымен сол жерге барғыңыз келеді?

– Қазақстанға әлі барған емеспін. Қазір оған мүмкіндік болмай тұр. Мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – анамның жағдайы. Ол төсек тартып жатыр, менің күтіміме мұқ­таж. Сондықтан үйден ұзап шығу, тіпті де­малысқа бір жаққа бару да қиын. Анамды ме­нен артық күтетін адам табу оңай емес. Деген­мен бір күні Қазақстанға баратыныма се­не­мін. Әсіресе, Қатонқарағайды өз көзім­мен көрсем деймін. Қазақстандағы бір до­сым сол өлкенің бейнежазбасын көрсеткен еді. Табиғатына бірден тәнті болдым. Қалың орманы, сан алуан құсы, адам қолы тимеген табиғаты мені ерекше қызықтырды.

Бұдан бөлек, тарихи орындарды ара­лап, музейлер мен кесенелерді көргім келеді. Қызылордаға да бару ойымда бар. Қазақстанның көрікті жерлерін аралап қана қоймай, тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, халқымен жүздесуді армандаймын.

– Сіздің Instagram парақшаңызға көз жүгірткен адам сізді Чилиде емес, Қазақстанда тұрады деп ойлап қалуы мүмкін. Әр видеоңызда арқаңызда Қазақстанның туы ілулі  тұрады. Әр видеоңызда шекелік пен білезікті тағып жүретініңізді байқадым. Мұның бәрін Қазақстаннан Чилиге тапсырыспен алдырттыңыз ба?

– Иә, кейбірін арнайы тапсырыспен ал­дырт­тым. Қазақстанның туын Чилиден са­тып алдым. Ал шекелік пен білезікті eBay ар­қы­лы тапсырыс беріп алдым. Қазір тағы бір­неше ұлттық бұйымның келуін күтіп жүр­мін.
Алдағы уақытта сіздердің барқыттан тігілген ұлттық киімдеріңізді сатып алғым келеді. Өте әдемі! Қазақтың әшекейлері, ұлт­тық киімдері, әсіресе қамзолдары маған қат­ты ұнайды. Осындай бұйымдарды тағып жүру арқылы Қазақстанға деген зор құр­ме­тімді білдіргім келеді. Бұл – қазақ халқына жә­не оның мәдениетіне деген ықыласымды көр­сетудің бір жолы.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Менің ең асыл арманым – Қазақстанға ба­рып, осындағы тамаша адамдармен жүз­де­сіп, көрікті жерлерін өз көзіммен көру. Де­ген­мен Қазақстанға әлі бармасам да, осын­дай керемет адамдармен араласып, өнерімді олар­мен бөлісіп жүргенімнің өзі – арманым­ның орындалғаны. Олардың менің шығар­ма­шылығымды бағалап, қолдау білдіргені, музыка арқылы табысып, қазақ мәдениетіне сүйіспеншілігімді бөлісе алғаным – мен үшін үлкен бақыт. Бұл – қиял емес, шындық. Әрі қандай ғажап шындық десеңізші! Димашты танығанға дейін өмірім бірқалыпты өтетін. Тіпті Instagram парақшасын ашуға да жүрек­сінетінмін. Ән айтуға да батылым жетпейтін. «Қолымнан келмейді, елдің алдында ұятқа қала­мын» деп ойлайтынмын. Ал Димаш пен оның домбыра тартуы мені осы күнге жеткізді. Бүгін сізбен сұхбаттасып отырмын. Бұдан асқан бақыт бола ма?! 

Әлия, сізге шын жүрегіммен алғыс ай­та­мын! Қазақстанда менің өнерім­ді ұнатып, қолдап жүрген адамдар бар екенін біле­тінмін. Бірақ шығармашылығыма осын­ша­лық жоғары баға беріп, ықылас танытады деп ешқашан ойламаппын. Мұны сезіну мен үшін ерекше қуаныш әрі үлкен мәртебе!

Мен қазақ халқын шексіз жақсы көре­мін! Домбыра, күй, ортеке, күй тартыс өнері, қа­­зақтың ғажап әндері, тарихы мен мәде­ние­ті туралы тыңдауға ниетті әр адамға ай­тып жүруден ешқашан жалықпаймын.

– Қайта сізге рахмет! Бір күні қазақ же­рін­де жүздесіп, әңгімемізді жалғас­тыру­ға жазсын! Қазақтың күйі мен әнін Чилиде дәріптеп жүрген еңбегіңіз же­міс­ті болсын!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ