Ұларбек Дәлейұлы: Жаңа шығарма жазар алдында тәңірден медет тілеп, аруақ шақырамын

Бүгін, 16:45 / Túrkistan Gazeti

Ақын, жазушы, «Жошы хан», «Бату хан» романдарының авторы Ұларбек Дәлейұлы оқырман қауымға кеңінен таныс. Оның тарихи романдары соңғы жылдары «ең көп сатылған» кітаптардың көшін бастап тұр. Бұл сұхбатта жазушы Талас құрылтайы туралы жаңа шығармасын аяқтап қалғанын, алдағы уақытта тарихи романдар желісін Абылай ханға дейін жеткізу жоспары бар екенін айтады. 

Қойын дәптерімде бір жинаққа жетер жырым бар

– Қарашаның тұманды кештерінде өлең оқығанды ұнататын әдетім бар. Қан­дай өлең екенін өзім де білмеймін. Бү­гін есіме сенің өлеңдерің түсіп, сайт­тар­дан бірнеше жырыңды қайталап оқып шықтым. Байқағаным, күз туралы жырларың көп екен. Маған жазушы Ұлар­бектен гөрі ақын Ұларбек жақын еке­нін ұққандаймын. Поэзия әлемінен алыс­тап кеттің бе, әлде қойын дәптеріңе жа­зып жүрген жырларың бар ма?

– Күз – ақындардың мезгілі ғой. Алғаш қа­лам тартқан кезімнен бастап бүгінге дейін есеп­тесем, барлық шығармаларым дерлік күз­де жазылады екен. Өлеңім де, прозам да күз­де басталып, мамырдың соңына қарай ты­ныстайтынын байқадым. Бұл саналы түр­де жоспарланған дүние емес, жан қалауы.

Жаңа өлеңдерім жайында ешкімге айт­пай жүрген бір құпиямды бүгін ашайын. Еш­қайда, ешқашан жарияланбаған, қалың дәп­терге қаламмен жазылған күйі жатқан, бір жинаққа жететін өлеңдерім тартпамда тұр. Бұған дейін «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» деген екі жыр кітабым отыздан асқан шағымда, араға біраз уақыт са­лып жарық көрді. Оқырман да өз бағасын бер­ді. Ендігі жазғандарым сол ізді қайта шиыр­ламай, өзімше бір сүрдекпен жазылған дү­ниелер деп есептеймін. Бірақ оларды жа­рық­қа шығаруға қазір асығып жүргенім жоқ.

– Әңгімелеріңнің көбі эссеге жақын­дау секілді. Балалық шағыңның, өскен ор­­таңның картинасын жиірек кестелей­сің. Мұның себебі неде? Өткен шаққа нос­тальгия ма, әлде уайымсыз сәтте­рің­ді аңсау ма?

– Эссе жанры – жаныма ең жақын. Әр жаз­ған шығармамның астына «эссе» деп жаз­сам да, баспалар «әңгіме» немесе «хикая» деп атауымды өтінеді. Сосын оларға «мейлі» дей саламын. Жалпы, қазақ әдебиеті ма­ман­дығы бойынша әдебиет теориясын жақсы оқы­сам да, өз басым бірдеңе жазар кезде жанр таңдап, оның құрылымын, тағы әде­биет­тануда оқытатын бақсының отыз асайы, қырық мүсейі сияқты бірдеңелерін ойлап жатпаймын. Қаламға еркіндік беремін. Шы­ғар­маны толық аяқтаған соң барып тұтас сүйе­гін реттеймін.

Ал балалық шаққа орала беру де менің асып бара жатқан кемеңгерлігім емес. Көп әде­биетші сияқты мен де сол шақты сағы­на­мын. Бірақ менің сағынатыным тек уайым­сыз балалық күндер емес, сол кездегі өмірдің өзі: адамдардың тума мінезі, ауылдың бір қа­лыпты тынысы, байырғы бейқам қазақы тір­шілік. Өз болмысым мен жан дүнием сол шы­найы өмірден технологиясы жалаңдаған бас­қа бір дәуірге өтіп кеткенін ешқашан қа­ла­ған емес. 

Қазан төңкерісінен кейін жоғалған ескі Ресейін Бунин соншама сағынды, Бірінші дү­ниежүзілік соғыстан бұрынғы Еуропаны Цвейг күңірене жоқтады, Лампедуза Сици­лия­дағы көне ақсүйектер дүниесінің ыды­рауын күрсіне жазды. Демек, адам өзі қа­лып­тасқан өмір салтының жоғалуын әдебиет ар­қылы қайта іздеуі – бір ғана халыққа не­ме­се бір авторға тән құбылыс емес.

Кітап дүкендерінен кітап ұрлаймын деп талай ұсталдым

– «Жошы хан» және «Бату хан». Екі та­рихи-деректі роман жаздың. Оқыр­ман­ның ықыласы алабөтен. 2-3 жыл қа­тарынан сатылым бойынша көш ба­сын­да тұрды. Тарихи тақырыпқа қалай кел­дің? Әу баста осы тақырыпты жазу т­у­ра­лы ой қашан келді?

– Бала күнімде немесе студент кезімде: «Есей­генде мына тарихи тақырыпқа бара­мын» деген жоспарым мүлде болған емес. Жет­кен жеріме дейін шарап ішіп шалқып, өлең жазып жүре беремін деп ойлайтынмын.

Үшінші кластан бастап кітаппен «ауыр­дым». Бесінші класта әкем қалаға барғанда жа­пон жазушысы Иноуэ Ясусидың Шыңғыс қа­ған жайлы жазған «Көкжал» романын әке­ліп берді. Ал одан бас көтерсемші, неше рет қайталап оқығанымды да ұмытып қал­дым. Үйдегі тапсырылған жұмыстар аяқсыз қа­лып, шешем қуалайды да жүреді. Содан үй­дің артындағы биік таудың басына қашып ке­тіп оқитын болдым. Күндер өте берді, кі­тап­қа құмарлығым еселеп артып, кейінірек ау­дандағы шағын кітапхананы түгел тауы­сып, Үрімжідегі үлкен кітапханаларды жиі торуылдайтын болдым. Балалық қой, сатып ала беретін ақшам жоқ, кітап дүкендерінен кітап ұрлаймын деп талай ұсталып, бетіммен жер басқан кезім де көп.

1980-2000 жылдар аралығында Қытай­дағы қазақтың аға буын зиялылары ағарту, ру­ханият саласында ғаламат тер төкті ғой. Кітап саудасын қыздырды, әлем әдебиетінен аудармаларды үйіп-төгіп шығарды. Ол ау­дар­малардың сапасы қандай еді! 
Сонша созбақтағанда айтайын дегенім – тарихи тақырыпқа саналы түрде келгенім жоқ. Қосымша факторлар бар, әрине, бірақ олар­дың ешқайсысы жеке-дара мұндай үл­кен тәуекелге баруға жеткіліксіз еді. Қанша кі­тап оқысам, солардың жылдар бойы жи­нал­ған әсері түбінде осы арнаға сүйреп әкел­ген болар. Бәлкім, оның алғашқы дәні ба­ла күнімде оқыған сол «Көкжалдан» егіл­ген де шығар.

Қазір ойласам, тіпті, қызық. 2019 жылы қа­ра­шаның бір кешінде үйде отырып, бала­лардың оқушы дәптерінің біріне «Жошы хан. Тарихи роман. Бірінші тарау» деген сөздерді ойда жоқта жаза салдым. Сол сәтте оның ме­ні қайда бастап барарын, қанша жылымды алатынын, қанша кітап ақтарып, қанша жол жүретінімді білген де жоқпын. Кейінгі ұзақ сүргін сол қарашаның тұманды бір кешінен осылай басталып кетті...

– Өзің үнемі «менің жазып жүргенім көр­кем әдебиет емес, танымдық әде­биет» дейсің. Тарихи шығарманың көр­кемдігі мен көркем шығарманың тарихилығын не ұштастырады?

– Оны қазір де қайталап айтамын. Мен өз шығармаларымды ең алдымен танымдық әде­биет деп қабылдаймын. Бірақ мұны айту оңай болғанымен, жазу аса қиын. Өйткені де­ректен аттамай отырып, оқырманға тірі дү­ние ұсынуың керек.
Жоғарыда айттым ғой, жазуға отырғанда қа­ламға ерік беремін де, соңынан барып құ­ры­лымын түземін деп. Екі тарихи-деректі ро­маным да солай жазылды. Тәңірі сыйлаған сөздік қорды аяп қаламын ба, нақты деректің ізін қуалай отырып, сол заманның карти­на­сын барынша тірілтуге тырысамын. Қаласам, қиял­ға да көбірек ерік беріп, мүлде көркем бағытқа кетуге шамам артығымен жетер еді. Бір­ақ одан саналы түрде бас тарттым. 

Себебі ең алдымен біз тарихи санасы тоз­­ғындап кеткен жұртпыз. Енді осы кем-кетікті толтыратын уақыт жетті. Оны тек қиял­ға сүйеніп те, жалаң деректерді тізбелеп те түзей алмайсың. Екеуінің арасындағы те­пе-теңдікті сақтап, оқырманды деректің шын­дығымен де, әдебиеттің қуатымен де бау­рау керек. Осы тұрғыдан жас буынды өт­ке­ні жайлы мол дерекпен қамдағым келді.

Екіншіден, бүгінгі оқырманның талғамы бас­қа деп ойлаймын. Әлем әдебиетінде де, қа­зақ әдебиетінде де тарихи тұлғаларды қиял­мен сөйлетіп, болмаған оқиғаларды бол­ғандай етіп құраған шығармалар аз емес. Мен сол жолды қайталағым келмеді. Оқыр­ман Жошы мен Батуды таныса, мүмкіндігінше шынайы дерек арқылы танысын дедім. Ал сол деректі құрғақ шежіреге айналдырмай, адам тағдыры, заман тынысы, дала суреті, мі­нез бен сезім арқылы жеткізу – жазушы­ның міндеті.

Сондықтан тарихи шығарманың көр­кем­дігі мен көркем шығарманың тарихилы­ғын ұштастыратын ең басты нәрсе – дерекке адал­дық пен көркем ойдың тепе-теңдігі. Де­рек сүйек болса, тіл мен қиял соған жан бі­тіре­ді. Бірақ қиял деректің орнына жүрмеуі ке­рек. Гарсия Маркестің бір атақты сөзі ойым­­нан кетпейді. Ол: «Журналистикада бір жал­ған дерек бүкіл еңбекті бүлдіреді, ал көр­кем шығармада бір шын дерек тұтас қиял­­ға сенім тудыра алады. Романшының мін­деті – оқырманды сендіру» дейді. 

Алда көркем әдебиетке оралатын күнім де жақын. Әуелі тарихи миссиямды орындап алайын. Содан кейін сен қолыңнан тастамай оқитын бірнеше көркем роман жазамын. Ал  қазіргі жазғандарым қалың оқырманға ұнап жатса, соның бір себебі шығармаларымның шынайылығында, екінші себебі баяндау тілінің көркемдігінде шығар.

– Көп жазушы «кейіпкерім өзіме ба­ғынбай кетті» деп айтып жатады. Сенің кейіпкерлерің саған бағына ма, әлде өз тағдырын өзі таңдап жататын кезі бола ма? 

– Бағынбай кеткен кездері болды. Бірақ оны бір тылсым құбылыс қылып көрсеткім кел­мейді. Кейіпкерді ұзақ уақыт зерттеп, мі­незін, жүрген ортасын, басынан кешкенін тү­гел біліп алған соң, бір мезетте сен оның ор­­­нына өзің шешім қабылдай алмай қала­сың. Өйткені оның мінезіне қайшы әрекет жа­сатсаң, өтірік шығады. Сонда сырттай қа­ра­ғанда кейіпкер жазушыға бағынбай кет­кен сияқты көрінеді. Шын мәнінде, сен өзің жасаған мінездің заңына бағынасың.

Тарихи тұлғаларда бұл тіпті қиын. Жо­шы­ға да, Батуға да өзіме ұнаған сөзді айт­қы­за алмаймын. Деректе оның мінезіне, ұс­та­ны­мына қайшы келсе, қанша әдемі сөйлем болса да сызып тастаймын. Ал ойдан туған кейіп­керлерім еркіндеу жүреді. Кейбірінің бастапқыда шағын ғана рөлі болады да, жазу үстінде тағдыры қоюланып, шығарманың бе­лортасына шығып кетеді. Ондайда жолын кес­пеймін.

– Шығарма жазуға кірісу үшін қан­дай жағдай керек? Күз, жалғыздық, ты­­­ныштық, әлде ішкі бір мазасыздық па?

– Бәрінен бұрын ішкі мазасыздық керек сияқ­ты. Жазатын дүниең санаңда әбден пі­сіп, тыныштық бермей қоймаса, кең ка­би­нет­тің де, үлкен үстелдің де, хан сарайындағы оңа­шалықтың да пайдасы шамалы. Ал ол ішің­де оттай қарып, тынышыңды алып, қоз­ға­лып тұрса, кез келген жерде жаза беруге бо­лады.  

Сосын әлдебір тосқауыл мен кедергінің де маған жақсы әсер ететіні бар. Жазып жүр­ген тақырыбыма біреулер себепсіз соқтықса, жо­лымды кескісі келсе немесе әдеби мүм­кін­дігімді шектеуге тырысса, керісінше, одан сайын өршеленіп, құтырына жазамын. Қар­сылық мені тоқтатпайды, қайта қам­шы­лай­ды. Тіпті, кейде ең өнімді жазатын кезім бір нәр­сеге ішімнен күшті қарсылық туған ша­ғым. Осындай бір «ауруым» бар. 

Қалайда менің шығармашылық табиға­тым­­ның күзбен бір байланысы бары анық. Жыл сайын күн салқындап, таң ұзарып, қа­ра­ша қаздар қаңқылы естілгенде ішімде әл­дебір есік ашылатын сияқты. Жазуға ықы­ласым оянады. Жалғыздықты да жақсы көре­мін. Бірақ ол адам атаулыдан безген жал­ғыздық емес. Ешкім мазаламайтын оңа­шалық болса жетеді.

Талас құрылтайы туралы шығарма жазып біттім

– Романдарыңнан да ақындық леп есіп тұратынын айтады оқырмандар. Ақын Ұмтыл Зарыққан «Бату ханның» әр тарауының басталар тұсындағы жыр­лардың поэтикалық қуатына тәнті. Мен романдарыңның құрылымынан орта ға­сырлық шығыс әдебиетінің ерекше­лік­терін байқағандай болдым. Мұндай тә­сіл қат-қабат сюжеттерді жымдастыру үшін жасалған қадам ба? Жыраулық са­рындағы жырларды кірістірудің се­бебі не?

– Орта ғасырлық шығыс әдебиеті маған бір қауым ұстаз дайындап бергендей. Әйгілі ақын­дарды былай қойғанда, Жувәйнидің «Тарих-и жаһангушайын», Рашид әд-Диннің «Жа­миғ ат-тауарих» томдарын жаттап ал­дым десем де болады. Ибн әл-Асир, Жүзжани, На­са­уилердің кең тынысты баяндаулары да ма­ған даңғыл жол сілтеді. Бұлардан бөлек, ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің тарихи шығарма жазу үлгісі де әлі күнге жарығын тү­сіріп келеді. Бірақ олардың ешқайсысына ті­ке еліктеуге тырысқан емеспін. Сол дәс­түр­лерден үйрене отырып, бүгінгі оқырманның ойы­нан шығатын өз дүниемді жасауға ұм­тыл­дым. Бұл жоспарым белгілі дәрежеде орын­далды деп есептеймін.

Ал көлемді тарихи шығармаларымды жы­раулар үлгісіндегі жыр жолдарынсыз елес­тете алмаймын. Оларды тек қат-қабат сю­жетті жымдастыру үшін енгізген жоқпын. Кей тұста олар тараулардың арасын жалғай­ды, кейде алдағы оқиғаның көңіл күйін аң­ғар­тады, бірақ ең бастысы – сол дәуірдің үнін естіртеді. Прозаның ішінде кенет жыр бас­талғанда оқырман бүгінгі күннен бір сәт алыс­тап, баяғы көшпелі дүниенің ортасына кі­ріп кеткендей болғанын қаладым.

Бүгінгі қазақ – сегіз ғасыр бұрынғы сол бабалардың жалғасы. Олар да біз сияқты бе­сік жырын айтты, саба піскенде «Саба тол­қу жырын» толғады, көш алдында балалар күн шақырып, «көш, көш, тұман, көш, тұман» деп әндетті, сыңсу айтты, өлімді жөнелтті, жоқ­тау айтты. Салтанатты ордалар мен қа­ра­ша үйлердің қай-қайсысында да асқақ жыр толғанып, қобыз күңіреніп, домбыра күм­бірлемеді дейсіз бе?
Сондықтан деректі романдардың ажа­рын кіргізіп тұрған негізгі арналардың бірі – сол жыраулық сарын мен эпикалық баяндау үл­гісі деп ойлаймын. Ол шығарманың сырт­қы әшекейі емес, сол заманның рухын жет­кі­зе­тін ішкі тынысы.

– Қазір не жазып жүрсің? Тарихи ро­мандар желісін ары қарай жалғайсың ба? Қай дәуірге дейін созасың?

– Дәл бүгін әйгілі Талас құрылтайы тура­лы көлемді хикаямның соңғы бөлімін жазып жатырмын. Көсіле кірісіп едім, жүз бетке жа­­­қындап қалды. Айтарымды әлі айтып біт­пе­дім. Соған қарағанда хикаядан романға ай­налып кетер түрі бар.

Бұрынғы романдарымнан бір ерекшелігі мұнда көркемдік алдыңғы орынға шықты. Кейіпкерлерім қарапайым адамдар. Олардың тағдыры әр алуан болғанымен, шығарманың өзегі – соғыстың адамға салған жарақаты. Шыңғыс жасағында саналы ғұмырының қырық жылдан астам уақытын соғыспен өткізген жаралы қарт әке енді екі ұлын соғыс атаулыға жолатқысы келмейді. Жас күнінде өзі әкесін тыңдамай, көшпенді ерлерінің жауынгерлік даңқына елітіп, Жебе ноянға еріп кеткен жас жігіт енді сүйегі саудыраған, денесінде сау тамтық қалмаған шал болып майданнан оралады. Ұлдарын Құбылайдың жасағына жібермеу үшін Жошы ұлысының шегіне қарай ауған елдің соңынан Ертіс бойына келеді. Келсе, оларды мұнда да соғыс күтіп тұр екен. Қалғанын кітаптан оқисың енді.

Ал тарихи романдарға келер болсақ... Шың­ғыс қаған соңғы Таңғұт жорығы кезін­де аң аулап жүріп аттан құлап, мертігеді. Сон­­да қоңқотан Толұн-Шербі ноян: «Таңғұт­тар балшықтан салған қалаларын арқалап кө­шіп кете алмайды. Қаған айыққан соң қай­та келерміз», – деген мазмұнда кеңес бе­р­е­ді. Бірақ Шыңғыс қаған жорықты тоқтат­пай­ды. «Шегінсек, олар бізді қорқып қайтты дер. Менің де өмірім өтіп барады ғой» деп, бас­таған ісін аяқтайды.

Осы оқиғаны кейде өзіме де теліп ойлай­мын. Тарихи романдарға жасаған ұзақ жо­ры­­ғым басталып қойды. Ал адамның ғұмыры кү­­тіп тұрмайды. Енді ұрыста тұрыс жоқ. Жо­­шыдан басталған бұл жолды, кемі, Абы­лай­ға жеткізіп аяқтасам деймін. Жаратушы қан­ша ғұмыр, қанша мүмкіндік береді – со­ған қарай жаза беремін.

Жазып үлгермей қалудан қатты қорқамын

– Жазушы ретінде өзің ғана білетін, ешкімге айтпаған бір әдетің немесе ырым-жоралғың бар ма?

– Ырым-тыйымдарым көп. Кез келген дү­ниені жазуға отырмас бұрын жақсылап жуынып, тойға барардай киініп аламын. Жазу үстелімде Шыңғыс қағанның портреті, арша, қайың, әр тарихи жерден ала келген тас пен топырақ бар. Соларды сипап, Тәңір­ден медет тілеймін, аруақ шақырамын. Со­сын бір отырғанда бәрін ұмытып, кей күн­дері 10-15 сағатқа дейін тапжылмай жаза­мын.

Ешкімге айта бермейтін тағы бір әдетім бар. Жаңа шығарма бастарда әдемі дәптер із­демеймін. Керісінше, қолыма түскен кез кел­ген қағазға алғашқы сөйлемді жазып қоя­мын. «Жошы хан» да балалардың оқушы дәп­терінен басталды. Бәлкім, «үлкен дүние бас­тайын» деп өзімді алдын ала үркіткім кел­мейтіннен шығар. Үлкен романдардың кейде алақандай қағаздан басталғаны маған қызық.

Тағы бір әдетім – жазып отырған дү­нием­­ді алғашқы кезде ешкімге көрсетпеймін. Тіпті, соңына жеткенше айтпаймын. Өйткені жаңа басталған шығарманы көп сөзге сал­саң, оның бойындағы қуат ауызбен тарап ке­тетіндей көрінеді. Әуелі өзіммен-өзім оңа­ша сөйлесіп, айнаға қарап тұрып: «Уәдең­де тұр, соңына жетпей тайқып кетпе!» деп өзі­ме ескертіп аламын.

Және бір қызығы, шығарманың ең қиын жеріне келгенде үстел қасынан пана таппай ке­темін. Сыртқа шығып, басым ауған жаққа жаяу жүремін, шай қоямын, басқа тірлік іс­теймін. Өзімнің бір хоббиім бар – тамақтың не түрін қатырып пісіремін. Кейде қуырмаш­тың бірнеше түрін жасап, тойып аламын да, көлікпен қала сыртына шығып, иен жолда біраз жүйткіп қайтамын. Сонда іздеп отыр­ған сөйлем де, оқиғаның шешімі де өзінен-өзі жетіп келеді. Сосын атақты болудан қор­қа бастадым. Ол дегеніңіз – балалар мен кітап­тардың тұсауын кесіп, қайдағы жоқ той­ларда ұзынсонар тілек айту, әңгімең қа­быспайтын жандармен өзіңді азаптау, уа­қы­тыңды босқа құрту. Қысқасы, болмайтын ма­дақ пен өтірік қолпаш арасында қабанша семіріп кетсең, шаруаңның біткені.

Жазу дегеннің өзі сиқырлы дүние ғой. Кей­­де қағазға шұқшиып отырып жазға­ның­нан гөрі, жазбай жүрген уақытта ішіңде өз­ді­­гінен жүріп жатқан жұмыс әлдеқайда маңыз­ды сияқты. 

– «Кітап оқитын ұлт» трендке айнал­ды ғой. Бала кезде, жастық шақта оқы­ған шығарма адамның есінен кетпейді. Ба­ла күніңде қатты таңғалған шығар­маң болды ма? Өзің қандай авторларды қай­талап оқисың? 

– Бала кезімде, әсіресе орта мектепте оқып жүргенде, мені есімнен тандырған кі­тап­тар көп болды. Өйткені өте көп оқыдым. Сол кездегі мүмкіндік бойынша қолыма ти­ген кітаптардың ішінен үш авторды ай­рық­ша атаймын. 

Біріншісі – Михаил Шолоховтың төрт том­дық «Тынық Дон» романы. Қалай баста­дым, солай есім ауып қалды. Сабаққа бармай, бас алмай оқитынмын. Тіпті, кей тарауларын жаттап алып, әдебиет сабағында соғып оты­ра­тынмын. Аксиньяның өлімі суреттелетін тұстарды күні бүгінге дейін ұмытқан жоқ­пын. «Аксинья Григорийдің қолында жатып таң алдында жан тапсырды. Оқ тигеннен бас­тап есі кірмей-ақ кетті. Григорий оның қан­нан сор татыған ерінінен сүйді...» деп ке­те беретін.

Екінші автор – Жюль Верн. Оның атақты үш романын 1983 жылы Қытай қазақтары тө­гілдіре аударып шығарған екен. Күндіз сөм­кемде, түнде басымда жататын кітаптар со­лар болды.

Үшіншісі – Оралхан Бөкей. Мен ғана емес, сол тұстағы жас оқырманның жанын жау­­лаған шығармалары қолдан-қолға өтіп, тіп­ті кітапханаларда қалмай, көшірме нұс­қа­лары сатылымға шыққан кездер болды.
Сол аяулы шақтардың әсері шығар, орта мек­тепте оқыған кітаптарыма қайта айна­лып соғып тұрамын. Өйткені қайта оқығанда тек шығарманың өзін емес, сол кітапты алғаш оқыған кездегі өзімді де іздейтін сияқ­тымын. Биыл жазда «Тынық Донды» асықпай, бап­пен сіңіріп, екі айдың ішінде тағы бір рет оқып шықтым. Тағы да сол әсер.
– Жас әдебиетшілер міндетті түрде оқуы керек үш шығарманы яки үш ав­тор­ды ата десе, кімдерді айтар едің?

– Жеке шығармаларды емес, туған жыл ре­тіне қарай төрт авторды атайын: Антон Че­хов, Михаил Шолохов, Габриэль Гарсиа Мар­кес және Мұхтар Мағауин.

Чеховтан қысқа формадағы дәлдікті, адам­ның ішкі күйін артық сөзсіз ашуды үй­ренуге болады. Шолоховтан кең-мол ты­ныс­ты баяндауды, табиғат пен адам тағдырын тұтастырып жазуды. Гарсиа Маркестен қиял мен шындықты бір кеңістікте табиғи қабыс­тыруды. Ал Мұхтар Мағауиннен  тарихи са­наны, ұлттық болмысты, тілдің ішкі қуа­тын сезінуді үйренуге болады.
Әрине, әдебиет осы төрт-ақ жазушымен шек­телмейді. Бірақ жас қаламгер осы төр­теуін шын оқып шықса, прозаның төрт түрлі мек­тебінен өткен болар еді.

– Жазушы ретінде неден көбірек қор­қасың? Айтарыңның таусылуынан ба, өзіңді қайталаудан ба, әлде жазып үл­гермей қалудан ба?

– Айтарым таусылады деп ешқашан қо­рық­қан емеспін. Адамның оқығаны мен көр­гені көбейген сайын айтары да көбейе бе­ре­ді. Өзімді қайталап қалудан сақтанамын, әри­не. Бірақ ең қорқатыным – жазып үлгер­мей қалу.  Басымда кітап болып тұрған, бірақ әлі қағазға түспеген дүниелер өте көп. Кейде со­ларды ойласам, уақытқа ренжігендей күй ке­шемін. Меніңше, жазушының ең үлкен «жауы» сыншы да, оқырман да емес. Ең үлкен «жауы» – уақыт.

Сондықтан қазір бір шығарманы аяқта­сам, арқамнан жүк түскендей сезім емес, кері­сінше кезекте тұрған келесі кітаптың сал­мағы есіме түседі. Өзімнің сексен алты жас­қа келетінімді сеземін. Енді қырық жыл ға­на қалды ғой...

– Әсерлі әңгімеңе көп рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ