Келер жылы еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқын алмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыс саласына айрықша назар аударып, 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялағаны белгілі. Президент бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» жобасы – жаңа ғимараттар мен нысандар салу емес, елді мекендердің келбетін жаңартып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды міндет. Оның аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық кәсіпкерлікті қолдау және ұлттық экономиканың әлеуетін нығайту мәселелері өзекті болмақ. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарының нәтижесі әрбір азаматтың күнделікті өмірінен көрініс тауып, ауыл мен қала тұрғындарына ортақ игілікке айналса болғаны.
Жаңа нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіс
Кейінгі жеті жылда Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде 1 342 мектеп, 1 483 балабақша, 1 259 медициналық мекеме, 536 спорт және 312 мәдениет нысаны салынды. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы құрылыс қарқыны жоғары болды. Жаңа нысандардың бой көтеруі халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, өңірлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге ықпал етті. Енді бұл жұмыстар «Халықтық құрылыс» жобасы аясында жалғасын табады.
Мемлекет басшысы Жолдауда алдымен әр облыстың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелеріне деген нақты қажеттілігін анықтап, құрылыс жоспарын соған сәйкес әзірлеу туралы нақты тапсырма берді. Өйткені жаңа мектеп салынса, баланың білім алуына мүмкіндік кеңейеді, аурухана бой көтерсе, тұрғынның медициналық көмекке қол жеткізуі жеңілдейді, ал спорт кешені ашылса, жас ұрпақтың салауатты өмір салтына бейімделуіне жол ашылады.
Жобаның бастапқы кезеңінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50 нысанның құрылысын бастау көзделген. Олардың қатарында перзентханалар, көпбейінді ауруханалар, жедел медициналық жәрдем стансалары, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары бар. Бұған қоса, өңірлерде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтермек.
Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы құрылыс жұмыстарының әлеуметтік салмағы айрықша. Қаладағы ауруханаға жету үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр ауыл тұрғынына аудандық емхананың жаңаруының өзі үлкен жеңілдік. Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының салынуы да медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңа ғимарат тұрғызумен қатар, оны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білікті мамандармен жасақтау мәселесі де қатар шешілуі қажет.
Ал білім беру саласындағы құрылыс жұмыстарын ел болашағына салынған инвестиция деп бағаласақ артық етпейді. Халық санының өсуі, ішкі көші-қонның күшеюі, жаңа шағынаудандардың пайда болуы мектептер мен балабақшаларға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан білім нысандарын жоспарлау кезінде тек бүгінгі қажеттілік емес, алдағы жылдардағы демографиялық өзгерістер де ескерілсе жөн болар еді.
Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инженерлік желілер. Жайлы баспана болғанымен, ауызсу, жылу, электр қуаты мен газ мәселесі шешілмесе, тұрғындардың тұрмыс сапасы толық жақсармайды. Сол себепті елді мекендердегі су құбырларын, кәріз жүйелерін, жылу және электр желілерін жаңарту құрылыс бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналмақ. Сапалы жол мен көлік қатынасы да осы қатарда.
Ең бастысы, аталған нысандардың қай жерде салынатыны халықтың нақты сұранысымен айқындалғаны абзал. Мәселен, бір өңірге мектеп қажет болса, екіншісіне медициналық мекеме, үшіншісіне ауызсу желісі немесе спорт кешені керек болуы мүмкін. Әр аймақтың ерекшелігін ескеріп, қаржыны ең өзекті мәселелерге бағыттау ғана «Халықтық құрылыс» жобасының атауына лайық нәтиже береді.
Отандық өндіріс құрылысқа тірек бола ала ма?
Ауқымды құрылыс жұмыстарының артында цемент, кірпіш, бетон, металл, шыны, жылу оқшаулағыш материалдар, есік-терезе мен инженерлік жабдықтар өндіретін тұтас өнеркәсіп саласы тұр. Демек, «Халықтық құрылыс» жобасы отандық өндірістің өрісін кеңейтуге де жол аша алады.
Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі өз елімізде өндірілсе, оған жұмсалған қаржы да ұлттық экономиканың игілігіне қызмет етеді. Жергілікті кәсіпорындардың тапсырысы көбейіп, өндіріс көлемі артады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі ел экономикасының нығаюына ықпал етеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлттық қордан бөлінген қаржының импорттық өнім сатып алуға жұмсалуына жол беруге болмайтынын қадап айтты.
«Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын. Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бір қуантарлығы, елімізде құрылыс индустриясының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. QazIndustry мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1 трлн 734,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 29,8 пайызға өскен. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне қарағанда, отандық кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұраныстың 73 пайызын өтеп отыр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 67 пайыз болған.
Бүгінде елімізде цемент, бетон, темірбетон бұйымдары, металл конструкциялары, гипсокартон және басқа да құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпорындар аз емес. Бұған қоса, өндіріс орындарын көбейтіп, шетелден тасымалданатын тауарлардың үлесін азайтуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін құрылыс материалдарын өндіруге қатысты 45 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өңірлердің де тынысын аша түспек.
Алайда қол жеткен жетістіктерге қарамастан, шешімін күткен мәселелер де бар. Ең алдымен, құрылыс қарқыны күрт артқан жағдайда отандық кәсіпорындар қажетті сұраныстың бәрін дер кезінде өтей ала ма деген сауал туындайды. Өйткені бір мезетте бірнеше өңірде тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен ірі инфрақұрылымдық нысандар салына бастаса, құрылыс материалдарына деген қажеттілік те еселеп өседі. Мұндай жағдайда өндіріс қуаты жеткіліксіз кәсіпорындар барлық тапсырысты уақытында орындауға үлгермеуі мүмкін. Әсіресе, күрделі инженерлік жабдықтар, арнайы болат түрлері, лифт жүйелері мен жоғары технологиялық құрылғылар бойынша шетелдік өнімге тәуелділік әлі де жоғары. Бұған қоса, өндірісті кеңейтуге қажетті қаржы, шикізат пен тасымал шығыны, білікті жұмыс күшінің тапшылығы да саланың дамуына салмақ түсіреді. Сұраныс күрт артқан тұста материал жетіспей, баға шарықтаса, бұл құрылыс құнына да, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауға да кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан құрылыс басталғаннан кейін тапшылықтың алдын алуға тырысқаннан гөрі, қажетті материалдардың көлемін алдын ала есептеп, кәсіпорындардың өндірістік қуатын соған сай бейімдеген әлдеқайда тиімді. Ол үшін өндірушілермен ұзақмерзімді келісімдер жасасып, өндірісті кеңейтуге жағдай туғызу, шикізат жеткізу мен тасымал мәселесін алдын ала пысықтау қажет. Отандық өнімді қолдаймыз деп нарықтағы бәсекені де шектемеу керек. Құрылыс компанияларында өнім таңдау мүмкіндігі сақталып, жергілікті тауар сапасы мен бағасы жағынан да шетелдік баламалармен бәсекелесе алуы маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» жобасы отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндікке айналуы тиіс. Құрылыс материалдарын ел ішінен сатып алып жеткізу уақытын қысқартып, тасымал шығынын азайтады. Тұрақты тапсырыс алған кәсіпорындар өндірісін кеңейтіп, жаңа технологияларды игеруге ұмтылады. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылысқа бөлінген қаржының игілігі ел ішінде қалады.
Әйтсе де, отандық өнімді қолдаймыз деп сапаға қойылатын талапты босаңсытуға болмайды. Әсіресе, мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлердің құрылысына пайдаланылатын материалдар берік, қауіпсіз әрі экологиялық талаптарға сай болуы керек. Сондықтан жергілікті өндірісті өркендету өнім сапасын қатаң бақылаумен, зертханалық сынақтармен және жаңа технологияларды енгізумен қатар жүруі қажет.
Құрылыс қарқыны артса, оған қажетті жұмыс күші жеткілікті ме?
«Халықтық құрылыс» жобасының тағы бір маңызды нәтижесі – халықты жұмыспен қамту. Құрылыс алаңында тек кірпіш қалаушы, дәнекерлеуші немесе кран жүргізушісі ғана еңбек етпейді. Жобаны жоспарлаудан бастап, нысанды пайдалануға беруге дейін сәулетшілер, инженерлер, жобалаушылар, құрылысшылар, электр мамандары, сантехниктер, жүргізушілер, логистер мен техникалық бақылау қызметкерлері жұмылдырылады. Ал құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарда, тасымал және қызмет көрсету салаларында қосымша жұыс күшіне сұраныс туады. Демек, бір құрылыс жобасының айналасында бірнеше саланы қамтитын тұтас еңбек нарығы қалыптасады.
Президент Жолдауында «Халықтық құрылыс» жобасының жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретіні айтылды. Әсіресе, өңірлерде құрылыс жұмыстарының жандануы жергілікті тұрғындарға жаңа кәсіп меңгеріп, тұрақты табыс табуға жол ашады. Жаңа мектеп салынған жерде құрылысшылар ғана емес, кейін мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге де сұраныс туындайды. Аурухана пайдалануға берілсе, дәрігерлер, медбикелер, зертхана мамандары мен өзге де қызметкерлер жұмысқа орналасады. Яғни, жаңа нысанның игілігі оның құрылысы аяқталғаннан кейін де жалғасып, жергілікті халыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Айта кететін бір жайт, құрылыс қарқынының артуы жұмыс күшіне деген сұранысты күрт көбейтеді. Құрылыс саласына бетоншылар, тас қалаушылар, дәнекерлеушілер, электриктер, сантехниктер, инженерлер мен техникалық қадағалау мамандары қажет. Бірақ еңбек нарығы мұндай сұранысты бірден өтей ала ма?! Әсіресе, құрылыс нысандары қатар жүріп жатқан өңірлерде білікті жұмысшылардың тапшылығы сезіліп, олардың бір аймақтан екіншісіне ауысуына тура келуі ықтимал. Сондықтан құрылыс жұмыстарының ауқымын белгілегенде қажетті жұмыс күшін алдын ала есептеп, кадр даярлау ісін соған сай ұйымдастыру маңызды.
Сонымен бірге құрылыс саласында білікті мамандар даярлау мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Қазіргі құрылыс бұрынғыдай тек қол еңбегіне сүйенбейді. Жобалау, есептеу, құрылыс сапасын бақылау, энергия тиімділігі мен цифрлық технологияларды пайдалану арнайы білім мен кәсіби дағдыны талап етеді. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары құрылыс компанияларымен тығыз байланыс орнатып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлауы қажет. Жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, біліктілікті ұдайы жетілдіру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету де айрықша мәнге ие.
Әрине, жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамту жөніндегі межеге қол жеткізу үшін жұмыс орындарының уақытша сипатын да ескерген жөн. Құрылыс аяқталған соң кейбір қызмет түрлеріне сұраныс қайта азаятыны сөзсіз. Мұндай жағдайда еңбекке тартылған азаматтардың бір бөлігі қайтадан жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Сондықтан олардың кәсіби біліктілігін арттырып, басқа өндіріс орындарына немесе тұрақты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылуы қажет. Бұған қоса, жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленіп, еңбек құқықтары мен қауіпсіздігі толық қорғалуы тиіс. Сонда құрылыс науқаны аяқталғаннан кейін де оның еңбек нарығына тигізген пайдасы сақталып, халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді.
Қайыр РЫСПЕК,
Қазақстан құрылысшылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, кәсіпкер:
«Халықтық құрылыс» отандық өндірістің өрісін кеңейтеді
Жалпы, құрылыс саласы қай кезеңде де экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналады. Себебі ол көптеген экономикалық сала мен кәсіпорынның жұмысын өзара байланыстырады. Мәселен, кез келген құрылыс жобасын жүзеге асыру үшін құрылыс алаңына инертті және өзге де материалдарды жеткізетін логистика қызметі мен арнайы техника қажет. Сонымен қатар бетон, арматура, кірпіш, жылу оқшаулағыш панельдер, шатыр жабындары мен металл бұйымдарын өндіретін кәсіпорындардың жұмысы жанданады. Терезе мен есік, ішкі әрлеу және жөндеу материалдарын шығаратын зауыттарға да сұраныс артады. Бұған қоса, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, оқу-ағарту орталықтары мен сәулет-жобалау ұйымдары да құрылыс саласының дамуына тікелей немесе жанама түрде үлес қосады. Осы аталған және басқа да кәсіпорындарда мыңдаған адам еңбек етіп, отбасын асырап отыр.
Мемлекет басшысы да құрылыс саласының осындай экономикалық әлеуетін ескере отырып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтеріп отыр. Құрылыс саласындағы кәсіпкер ретінде айтарым, қазір елімізде құрылыс ұйымдарымен салыстырғанда, өндіріс және өнеркәсіп кәсіпорындарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау ауқымы кеңірек. Атап айтқанда, төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру, салықтық жеңілдіктер қарастыру, арнайы экономикалық аймақтардан жер телімдері мен өндірістік алаңдар ұсыну сияқты қолдау тетіктері бар. Дегенмен осы мүмкіндіктерді пайдалану барысында түрлі делдалдардың араласуы да кездеседі. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың нақты өндірушілерге кедергісіз жетуін қамтамасыз етіп, оның тиімділігін арттыру маңызды.
Президенттің еліміздегі ірі инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндіру жөніндегі тапсырмасы ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болып саналады. Жалпы, келесі жылы жүзеге асырылуы күтіліп отырған «Халықтық құрылыс» жобасының ауқымы өте үлкен. Осы орайда еліміздің құрылыс индустриясы туындайтын сұранысты қаншалықты деңгейде өтей алатынын және қай салаларда импортқа тәуелділік әлі де сақталып отырғанын нақты бағалау қажет.
«Халықтық құрылыс» жобасын жүзеге асыруда отандық өндірістің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Бүгінде Қазақстан базалық құрылыс материалдарына ішкі сұраныстың 80-100 пайызын қамтамасыз ете алады. Атап айтқанда, цемент, бетон, қиыршық тас, құм, кірпіш пен газ блоктарын өндіру жолға қойылған. Ал металл конструкциялары мен арматура бойынша қамтамасыз ету деңгейі 70-85 пайызды құрайды.
Дегенмен инженерлік жабдықтар мен жоғары технологиялық өнімдер бағытында импортқа тәуелділік жоғары. Сорғы стансалары, трансформаторлар, желдету жүйелері мен автоматтандырылған құрылғылардың басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Бұл бағыттағы отандық өндірістің үлесі шамамен 20-40 пайыз ғана. Әрлеу және оқшаулағыш материалдар бойынша ішкі сұраныстың 50-70 пайызы қамтамасыз етіледі.
Отандық өндірістің мүмкіндіктерін арттыру үшін жобалау кезінде қазақстандық өнімдердің баламаларын қарастыру, өндірушілермен ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасау және өнім сапасы мен баға тұрақтылығын бақылау қажет. Бұл ретте құрылыс компаниялары үшін өнім таңдау мүмкіндігі сақталып, нарықтағы бәсекеге нұқсан келмеуі тиіс.
Жалпы, Қазақстан құрылысқа қажетті базалық материалдар мен металл конструкцияларының 75-80 пайызын өз күшімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ал инженерлік жабдықтар өндірісін дамыту импортты азайтып, инвестицияның ел ішінде қалуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.