Цифрлық платформалар арқылы табыс табатын азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, платформалар мен орындаушылар арасындағы жауапкершілікті айқындау, техникалық ақаулар кезінде азаматтардың мүдделерін қамтамасыз ету. Осы және өзге де мәселелер «Әділет» партиясы алаңында ұйымдастырылған «Платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру қажет екенін атап өтіп, Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруды тапсырды. Бұл ретте азаматтардың цифрлық платформалар мен сервистер арқылы заңды табыс табуына жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Президент айқындаған осы міндеттер «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтармен үндеседі. Бағдарламада цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың табысы мен платформалық комиссиялардың ашықтығын қамтамасыз ету, платформалар мен орындаушылардың жауапкершілігін нақтылау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту көзделген. Осыған байланысты партия ұйымдастырған дөңгелек үстелде аталған міндеттерді іске асырудың құқықтық тетіктері талқыланды.
Жиында сөз алған «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов Президент азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заңды табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау іс-шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет екенін атап өткенін еске салды. Сондай-ақ ол әлеуметтік кепілдіктер мен азаматтардың табысын қорғау ісіне тоқталды.
– Платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтар да зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауы керек. Бұл ретте платформа мен орындаушының міндеттемелерін нақты айқындап, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырудың түсінікті әрі әділ тәртібін белгілеу маңызды, – деді ол.
Бұл мәселенің ауқымына тоқталған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 1 миллионға жуық азамат платформалар арқылы жұмыс істейді. Олардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа қағидалар әзірленген. Онда орындаушыларға табысы мен ұсталған төлемдер туралы толық ақпарат беру, дербес деректерін қорғау және құқықтары бұзылған жағдайда платформа операторына, мемлекеттік органға немесе сотқа жүгіну мүмкіндігін қарастыру көзделген.
– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың платформалар арқылы еркін әрі икемді жұмыс істеу мүмкіндігін сақтай отырып, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы бағытта мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру және платформалық жұмыспен қамтуды реттейтін тетіктерді нақтылау жұмысы жалғасуда, – деді Эльдар Күзенбаев.
Платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан қарастырған Maqsut Narikbayev University Құқық жоғары мектебінің Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры, PhD Мүслим Хасенов цифрлық платформалардағы алгоритмдер орындаушылардың қызметін бақылау және басқару функцияларын атқара алатынын атап өтті.
– Платформада тікелей басшының болмауы бақылаудың жоқ екенін білдірмейді. Тапсырыстарды бөлу, рейтингтерді қалыптастыру және аккаунттарды бұғаттау арқылы алгоритмдер де басқару функциясын атқара алады, – деді ол.
Алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Александр Данилов назар аударды. Ол платформалық жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және кәсіби дамуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Сондай-ақ платформалық жұмыспен қамту мен дәстүрлі бизнес арасындағы салықтық теңгерімді сақтап, еңбек қатынастарын жасыру тәуекелдеріне жол бермеу керек екенін атап өтті.
Еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір қырына тоқталған Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек платформалық жұмыспен қамтылған жастардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер мәселесін реттеу және кәмелетке толмағандардың жұмыс уақытына қатысты заң талаптарының сақталуын бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Қауіпсіздік мәселесі такси агрегаторларының қызметіне қатысты да көтерілді. ҚР Бас прокуратурасы Қаржы департаментінің директоры Ілияс Испанов жүргізушілердің заң талаптарына сәйкестігін бақылау жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, Бас прокуратура inDrive және Яндекс платформаларымен бірлесіп, кейінгі үш-төрт айда жүргізушілердің заң талаптарына сәйкестігін тексеріп келеді. Нәтижесінде, inDrive платформасында көлік басқару құқығынан айырылған 4 602 адам, ал Яндекс платформасында 1 331 адам анықталған. Сонымен қатар іздеуде жүрген азаматтар мен медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға қатысты да бірқатар сәйкессіздіктер тіркелген.
– Сондықтан платформалармен ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүргізушілердің көлік басқару құқығын, медициналық шектеулерін және басқа да заң талаптарына сәйкестігін бақылау тетіктерін жетілдіру керек, – деді Ілияс Испанов.
Әкімшілік талаптарды жеңілдету мәселесін таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы Мейрамбек Абилкасов көтерді. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған жүргізушілер мен курьерлер үшін орындалған жұмыстар актілерін (АВР) рәсімдеу талабын алып тастап, шығындарды фискалдық чектер негізінде есепке алуды ұсынды. Сондай-ақ табыстың маусымдық ерекшелігін ескеріп, табыс лимитін айлықтан жылдық есептеуге көшіру бастамасын қолдады.
Салықтық реттеуді жетілдіру мәселесіне Yandex Qazaqstan компаниялар тобының басқарушы директоры Сұлтан Миржанов тоқталды. Ол салықтық кедергілерді азайту, жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және платформалық жұмыскерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқыту бағдарламаларын дамыту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Платформалардың техникалық тұрақтылығы мен орындаушылардың табысын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұған дейін Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева депутаттық сауалында Yandex Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан жүргізушілер мен курьерлердің тапсырыс қабылдау, табыс табу және қаражатын шығарып алу кезінде қиындықтарға тап болғанын атап өткен еді. Бұл жағдай техникалық іркілістер кезінде платформалар мен орындаушылардың жауапкершілігін нақтылау қажет екенін көрсетті.
Жүргізушілердің күнделікті еңбек жағдайына қатысты таксопарк басшысы әрі такси жүргізушісі Ақгүл Шарипова медициналық сақтандыру мен зейнетақы төлемдерін жетілдіру, платформалық комиссияларды төмендету, еңбек демалысы мен декреттік төлемдерді қарастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ жүргізушілер кәсіподағын құруды және қауіпті тапсырыстардан бас тартқан жағдайда жүргізушілердің рейтингін төмендетпеуді ұсынды.
Жиында көтерілген мәселелерді заңнамалық тұрғыдан одан әрі пысықтауға қатысты «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының жетекшісі Абзал Құспан орталықтың платформалық жұмыспен қамту саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге және қажетті заңнамалық өзгерістерді қабылдауға дейін осы бағыттағы жұмысты сүйемелдеуге дайын екенін атап өтті.
Отырысты қорытындылаған «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов алдағы жұмыстың үш басым бағытын – платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындауды, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіруді және цифрлық платформалардың жауапкершілігін нақтылауды белгіледі.
Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаеваның айтуынша, жиында айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен пысықталып, нақты заңнамалық өзгерістер әзірлеу барысында ескерілетін болады.