Мен үшін адамның шыққан тегі, лауазымы емес, нағыз іскер болғаны маңызды – Президент

Бүгін, 16:01 / Алуа Арман
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйлеп, халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керектігін айрықша атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қайталап айтамын: ешкім де заңнан биік емес. Бұл талап, әсіресе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қатаң сақталуы қажет. Осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Мына нәрсені әрдайым қаперде ұстаған жөн. Кім қылмыс жасайды, сол міндетті түрде жазасын алады. Кім өз жұмысына салғырт қарайды, сол орнынан босатылады. Жоғары лауазым – ең алдымен, жоғары жауапкершілік деген сөз. Халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керек. Әрине, біз азаматтардың елге сіңірген еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ кешегі жетістігін бұлдап, арқаны кеңге салып жүруге кімнің болса да, хақы жоқ. Мен үшін адамның шыққан тегі, лауазымы емес, нағыз іскер болғаны маңызды. Жалпы, іскерлік – мемлекеттік билік жүйесіне ғана емес, барлық салаға қажет дағды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету екенін айта келіп, ел мен жерге жанашыр, адал азаматтарға алғыс білдірді.

«Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын», – деді Президент.

Тэгтер:

Тоқаев