Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мен Жолдауда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар жариялаған сатып алу үдерістеріне шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту жөнінде нақты міндет қойдым.
Бұл үдеріс, әсіресе, тағам өнеркәсібіне серпін беруі қажет. Сондықтан ұзақмерзімді келісімшарттар әзірлеу, тиімсіз талаптарды қысқарту және отандық өндірушілерге тең жағдай жасау мәселелері шешімін табуға тиіс. Әрине, мұның бәрі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы керек.
Жалпы, алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға қолдау көрсетеді. Бүгін айқындалған мақсаттардың ауқымы өте кең. Қалай десек те, ең алдымен, біз ортақ мүдде жолында бір ел болып еңбек етсек, оның бәріне қол жеткізетініміз анық», – деді Мемлекет басшысы.