Бұл істе қағазбастылық әлі бар – Президент Үкіметке агроөнеркәсіп саласына қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуді тапсырды

Бүгін, 15:36 / Інжу Әлихан
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында соңғы үш жылда Қазақстанда азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскенін айтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бұл мәселе бойынша көп әңгіме айтылып жатыр. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішінде өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал, ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет.

Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосу өзекті мәселе болып отыр.

Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды.

Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек», – деді Президент.