Каспий теңізі жылдан-жылға тартылып, экологиялық тепе-теңдігін жоғалтуда. Су деңгейінің төмендеуі, жағалау аумақтарының құрғауы, балық қоры мен Каспий итбалығы санының азаюы алаңдатады. Теңіздің табиғи жүйесіне климаттың өзгеруімен қатар, адам әрекеті, өзен суларының азаюы және мұнай-газ өндірісінің әсері де салмақ түсіріп отыр. Бір кездері тұтас аймақтың тіршілік көзі болған Каспий бүгінде экологиялық дағдарыстың алдында тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанда өткен бірінші Каспий экологиялық саммитінде Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі ауқымды экономикалық дағдарысқа айналатынын атап өтті.
– Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Егер қазір жедел әрі батыл іс-шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет басшысы.
Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Ғалымдар ХХІ ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді.
Салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі экологиялық түйткіл осы аптада Құрылтай қабырғасында көтерілді. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспийді қорғау және дамыту жөніндегі экологиялық іс-шаралар туралы депутаттық сауал жолдады.
– Кейінгі 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы километрге азайды. Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» болып түсуде. Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Әзірге қаржыландыру мәселесі қаралмаған.
Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Алайда оның биологиялық алуан түрлілігі апатты деңгейге түсті. Теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, әлеуеті 99,4 пайызға азайған. Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы 20 ғасыр басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарды. Бұған браконьерлікпен қатар шельфтегі көмірсутектерді кең көлемде өндіру де әсер етуде. Өкінішке қарай, бүгінде Каспий Экология министрлігі үшін бақылаусыз, соқыр аймаққа айналды, – деді депутат.
Халық қалаулысы теңізде ауа мен судың сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы стансаның жоқтығына алаңдаушылық білдірді. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді екен. Бұл ретте «Қашаған» сияқты ірі кен орындарын игеру cөзсіз, Қазақстан үшін маңызды.
– Мұнай өндіруші аралдардың айналасында экологиялық бақылау бекеттерін орнату – бүгінгі күннің талабы. Алайда елімізде қызмет ететін ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі мен сақтандыру көлемі тым мардымсыз. Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау жөнінде жолдаған сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ. Алайда Конституция мен Экологиялық кодекске сәйкес мұндай экологиялық ақпарат қоғам үшін толық ашық болуға тиіс, – деді депутат Арман Хайруллин.
Еліміздің экологтары мен экологиялық сарапшыларының Каспийге қатысты пікірлері әртүрлі болғанымен, олардың ортақ ұстанымы бір: Каспийдің тартылуы тек климаттың өзгеруінен туындаған табиғи құбылыс емес, оған адамның шаруашылық әрекеті, өзен суларын шамадан тыс пайдалану, мұнай өндірісі мен экожүйеге түсетін антропогендік салмақ та әсер етіп отыр.
ECOJER қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов мұнай компаниялары жүргізетін экологиялық мониторингке тәуелсіз сарапшылар қатысуы қажет, Каспий жағалауындағы өндірістік және тұрмыстық қалдық сулардың теңізге төгілуіне бақылау күшейтілуі керек, ал итбалықтардың қырылу себептерін анықтау үшін жүйелі зерттеу жүргізілуге тиіс дейді. Экологтың пікірінше, мәселені тек экологиялық тұрғыдан емес, өңірдің ұзақмерзімді қауіпсіздігі тұрғысынан қарастыру қажет.
«Каспий итбалықтарының тіршілігіне теңіз деңгейінің төмендеуі тікелей әсер етіп отыр» дейді Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, этолог Әсел Баймұқанова. Оның зерттеулеріне сәйкес, жағалаудың өзгеруі мен аралдардың кішіреюі итбалықтардың табиғи мекен ету ортасын тарылтып жатыр. Бұған қоса балық аулау торлары мен теңіз қоқысы да жануарларға қауіп төндіреді. Ғалымның келтірген дерегі бойынша, 1995-2023 жылдары Солтүстік Каспийдің деңгейі 2,28 метрге төмендеген.
Neco экологиялық клубының төрағасы, эколог Наурызбек Бірмағамбетовтен теңіз деңгейінің төмендеуі Каспийдің өсімдіктері мен жануарлар дүниесіне қалай әсер етіп жатқанын сұраған едік.
– Теңіз деңгейінің төмендеуі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биоалуантүрлілігін азайтады. Флора мен фауна құрамында өзгерістер болып, кейбір түрлердің орнын басқалары басуы мүмкін. Себебі су деңгейінің төмендеуі оның температуралық режиміне де әсер етеді. Ал температура өзгерген кезде белгілі бір балық түрлері өз мекенін тастап, олардың орнын басқа түрлер басады. Өсімдіктер әлемінде де осындай өзгерістер орын алады. Сондай-ақ теңіз деңгейінің төмендеуі жағалаудағы аумақтарға, әсіресе тіршілігі теңіз суына тәуелді өсімдіктерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Егер қазіргі экологиялық үрдістер жалғаса берсе, алдағы 10-20 жылда Каспий теңізіндегі биоалуантүрлілік пен тірі организмдердің саны 30 пайызға дейін азаюы мүмкін. Теңіз суының тұздылығы артып, бұл өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жойылуына әкелуі ықтимал. Су температурасының жоғарылауы мен оның шамадан тыс жылынуы да биоалуантүрліліктің төмендеуіне әсер етеді, – деп жауап берді эколог.
Құрылтай қабырғасында Каспий мәселесін көтерген «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Хайруллин Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы құрылған «Каспий теңізі» ҒЗИ қаржылық қиындыққа тап болып отырғанын атап өтті. Депутат институтқа Каспийдің экологиялық сезімталдылық картасын әзірлеп, өз қызметін сапалы жүргізіп отыруы қажет екенін еске салды.
– Жұмысты қазірден бастау үшін Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеп, әрі қарай жүзеге асыруды қаржыландыру керек. Каспий теңізінде кен орындары айналасында мемлекеттік стационарлы бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу қажет. Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру сомаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, экологиялық ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды, – деді Арман Хайруллин.
Депутат сондай-ақ 2027-2029 жылдарға арналған Республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ҒЗИ-ын тұрақты және тиісті деңгейде қаржыландыруды ұсынды.
Каспийдің тағдыры – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да мәселесі. Теңіздің тартылуы мен экожүйедегі өзгерістерді тоқтату үшін жекелеген іс-шаралар жеткіліксіз. Бұл бағытта Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен әрекеті, ғылыми зерттеулерді қолдау, экологиялық мониторингті күшейту және мұнай-газ компанияларының жауапкершілігін арттыру маңызды. Әсіресе теңіздегі өзгерістерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін тұрақты бақылау жүйесін қалыптастыру қажет. Өйткені Каспийді сақтау – оның табиғи байлығын ғана емес, тұтас өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қорғау.
Арайлым БИМЕНДИЕВА