Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесіп, Шымкент қаласы мен еліміздің 10 облысында қарудың заңсыз айналымына қарсы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шаралар қазан-қараша айларында Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында өткізілді.
Нәтижесінде 45 атыс қаруы, оның ішінде 5 автомат, 26 мылтық және 14 тапанша тәркіленді. Сонымен қатар 10 граната мен 1 259 оқ-дәрі алынды.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
ҰҚК қарудың заңсыз айналымына қарсы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.