Ұлытау облысында заңсыз қоқыс орындарын жоюды бақылау тетігі өзгертілді

17 қараша, 2026 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ұлытау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдардың заңсыз қоқыс орындарын жою туралы анық емес есептік мәліметтер ұсыну фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар 99 қоқыс орнының жойылғаны туралы есеп берген. Алайда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүргізген қайталама ғарыштық мониторинг нәтижесінде 79 қоқыс орны анықталып, олардың 72-сі бұрынғы немесе оларға іргелес аумақтарда орналасқаны белгілі болды.

Аталған бағыттағы жұмысты тиісінше ұйымдастырмағаны үшін Жезқазған және Сәтбаев қалалары әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Осындай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында табиғат қорғау прокуратурасы пилоттық жоба шеңберінде қоқыс орындарын есепке алудың геоақпараттық жүйесіне қол жеткізді.

Бұл заңбұзушылықтарды кейіннен анықтау тәжірибесінен қоқыс орындарының жойылу нәтижелері мен жүйеге енгізілетін мәліметтердің дұрыстығын тікелей бақылауға көшуге мүмкіндік берді.

Аталған жаңа тәсіл Бас прокуратура тарапынан қолдау тауып, еліміздің басқа өңірлерінде қолдануға ұсынылды.