Атырау облысының аумағында 16-18 қараша күндері мал ұрлығының алдын алу, оны анықтау және ашу, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара барысында 200-ден астам автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 91 орын мен 369 шаруа қожалығы тексерілді. Тексеру кезінде ішкі істер органдарында тіркелмеген 2 аңшылық қаруы тәркіленіп, азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ мал мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 11 дерегі және ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жаюдың 70-ке жуық дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.