Әлемдегі ЖИ қуатының 70%-дан астамы 5 компанияның қолында – БҰҰ

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: Copyright © KEYSTONE / SALVATORE DI NOLFI

Жасанды интеллект күн сайын дамып жатқанымен, оны басқару жүйесі әлі де «ортағасырлық тәртіпке» ұқсайды. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк технологияның дамуына небәрі бірнеше ірі компания ықпал етіп отырғанын айтып, оның адам құқықтарына төндіретін қаупі туралы ескертті. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

19 қарашада Женевада өткен RightsX саммитінде Тюрк жасанды интеллект саласындағы билік пен ресурстардың аз ғана адамның қолына шоғырланғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, әлемдегі жасанды интеллектінің есептеу қуатының 70%-дан астамы небәрі бес технологиялық компанияның иелігінде.

«Бізде болашақтың технологиясы бар, бірақ оны басқару тәсілі ортағасырлық тәртіпке ұқсайды. Шешімді санаулы адам қабылдайды. Оларды бақылау, жауапқа тарту және қоғамның шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі жоқтың қасы», – деді ол.

БҰҰ өкілінің пікірінше, мұндай жағдай ең алдымен қарапайым адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіреді.

Тюрк бүгінде жасанды интеллект адамның күнделікті өміріне барған сайын терең еніп жатқанын атап өтті. Алгоритмдер адамдардың қандай ақпарат көретінін, қандай қызметтерді пайдаланатынын және кейбір жағдайларда өздеріне қатысты қандай шешім қабылданатынын айқындауға ықпал ете алады.

Бір қызығы, оның айтуынша, мұндай ықпал адамдардың өздері байқамайтын деңгейде жүзеге асуы мүмкін. Ал біржақты немесе кемсітушілікке негізделген алгоритмдер қоғамдағы әділетсіздікті бұрынғыдан да кең ауқымда қайталауы ықтимал.

БҰҰ өкілі тағы бір қауіпке назар аударды. Қазір көлік, азық-түлік жеткізу және денсаулық сақтау жүйелері цифрлық технологияларға тәуелді бола бастады. Сондықтан болашақта бақылаусыз дамыған немесе теріс мақсатта пайдаланылған жасанды интеллект тұтас қалалар мен елдердің маңызды инфрақұрылымының жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.

«Адамдар жасанды интеллект өркениеттің күйреуіне әкелуі мүмкін бе деп талқылағанда, алдымен мұндай тәуекелге бару туралы шешімді кім қабылдайтынын сұрауымыз керек», – деді Тюрк.

Ол жасанды интеллектіні дамытуда адам құқықтарын қорғау басты талап болуы керектігін айтты. Осыған байланысты жетекші технологиялық компанияларға хат жолдап, қауіпсіздік шараларын кеш болмай тұрып енгізуге шақырған.

Тюрк бұл мәселені қарапайым мысалмен түсіндірді. Оның айтуынша, бір бөтелке сүт дүкен сөресіне жеткенше түрлі қауіпсіздік тексеруінен өтеді. Ал бүкіл қоғамның болашағына ықпал етуі мүмкін жасанды интеллектіні қатаң ережесіз дамыту қисынсыз.

БҰҰ комиссары жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын негізгі бағдар ретінде пайдалануды ұсынды.

Оның пікірінше, технологияның пайдасы санаулы компанияның ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс. Ол үшін мемлекеттер ортақ талаптар қабылдап, компаниялардың ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтуі қажет.

Тэгтер:

ЖИ