Астанада 35 елден 500-ден астам қатысушыны жинаған QS Eurasia Forum 2026 халықаралық форумы өтті. Оған жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдері, халықаралық сарапшылар, оқытушылар және студенттер қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форумды жоғары білім беру саласындағы зерттеулерімен айналысатын QS Quacquarelli Symonds халықаралық сараптамалық компаниясы мен қабылдаушы тарап ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды.
«Measuring What Matters» («Маңызды нәтижелерді бағалау») ұранымен өткен форумда жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, түлектерді еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу, жасанды интеллектінің білім беру үдерісіне ықпалы, университеттер арасындағы білікті академиялық кадрлар үшін бәсекелестік мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Еуразия, Азия және Таяу Шығыс арасындағы білім, ғылым және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өңіраралық инновациялық байланыстарды дамыту, Астана мен Алматының халықаралық білім беру орталықтарына айналу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Форум спикерлері қатарында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, QS компаниясының президенті әрі негізін қалаушы Нунцио Куакуарелли, Назарбаев Университетінің президенті, профессор Вакар Ахмад, Грузияның Білім, ғылым және жастар министрінің орынбасары, профессор Звиад Габисония, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, Citi Kazakhstan басшысы Сәуле Жақаева және басқа да сарапшылар болды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық рейтингтер университеттердің әлемдік деңгейдегі орнын ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан нақты үлесін де көрсетуі керектігін атап өтті.
«Рейтингтер – бедел немесе халықаралық тізімдердегі жоғары орын үшін ғана қажет көрсеткіш емес. Университет жұмысының нақты нәтижесі оның өңірдің, қоғамның, елдің дамуына және азаматтардың өміріне қаншалықты ықпал ететінімен өлшенеді.
Кейінгі жылдары қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Бұл жетістіктер жоғары білім беру саласында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді», – деді министр.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов халықаралық бағалау университеттерге әлемдік білім кеңістігіндегі орнын айқындауға, мықты тұстары мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Біз үшін мұндай халықаралық алаңдарға қатысу нақты басқарушылық шешімдер мен университеттің күнделікті жұмысынан көрініс табуы маңызды. Соның нәтижесінде оқытушының кәсіби дамуына, зерттеушінің бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізуіне, ал студенттің сапалы білім алып, еңбек жолын сәтті бастауына жаңа мүмкіндіктер ашылуы керек», – деді Ерлан Сыдықов.
Форум барысында университет басшыларының қандай көрсеткіштерге басымдық беруі керектігі және қолда бар деректерді білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін жақсарту, сондай-ақ университеттердің ұлттық экономиканың дамуына қосатын үлесін күшейту үшін қалай пайдалануға болатыны талқыланды.
«Бүгінде Еуразия университеттерінде бұрын-соңды болмаған көлемде деректер жинақталған. Алайда деректер санының артуы өздігінен тиімді шешім қабылдауға әкелмейді. Табысқа жететін университеттер алдымен студенттері мен экономика үшін қандай нәтижеге қол жеткізгісі келетінін айқындап, содан кейін сол мақсаттарға жету жолындағы ілгерілеуін жүйелі түрде бағалайды. Қазақстан жоғары білім берудің өңірлік орталығына айналуды мақсат етіп отыр. Сондықтан Астана – жекелеген университеттердің ғана емес, тұтас өңірдің даму деңгейін бағалау мәселелерін талқылауға қолайлы алаң», – деді QS президенті әрі негізін қалаушы Нунцио Куакуарелли.
Форум бағдарламасы жоғары білім беруді дамытудың негізгі мәселелері мен келешегіне арналған пленарлық отырыстар мен панельдік пікірталастардан тұрды.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі университеттердің цифрлық трансформациясы және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану болды. Сарапшылар студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін қалыптастыру, цифрлық экономикаға қажетті мамандар даярлау, сондай-ақ жаңа технологияларды жауапкершілікпен әрі этикалық тұрғыдан пайдалану мәселелерін талқылады.
Еуразия, Азия және Таяу Шығысты байланыстыратын өңіраралық инновациялық байланыстарды дамытуға да айрықша мән берілді. Қатысушылар университеттер, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында тұрақты халықаралық әріптестік орнату мүмкіндіктерін қарастырды.
Пікірталастар барысында білікті ғылыми кадрларды тарту және ұстап қалу, Астана мен Алматының халықаралық білім беру орталықтары ретіндегі тартымдылығын арттыру, университеттерді басқару жүйесін жетілдіру және түлектерді еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай даярлау мәселелері де қозғалды.
Шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары халықаралық беделді нығайту, ғылыми зерттеулерді дамыту, академиялық ынтымақтастық аясын кеңейту және әлемдік университеттік рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында QS Stars және QS World University Rankings 2027 марапаттау рәсімі де өтті.
QS Eurasia Forum биыл екінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы форум 2025 жылғы қарашада Ташкент қаласында өтіп, оған университеттер, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінен 300-ден астам адам қатысты. Сол жиында 2026 жылғы форумды өткізу құқығы Еуразия ұлттық университетіне берілді.