Қазақшаны жаңылтпаш пен рэп арқылы үйреніп жүрмін – нигериялық мұғалім

Бүгін, 18:18 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстанда Аджи Найман лақап атымен танымал нигериялық Аджибола Аканни қазақ тілін үйренудің ерекше тәсілін ойлап тапқан. Ол жаңылтпашты әнге айналдырып, шумақтар құрастырып, жуырда оны жеке туынды етіп жарыққа шығарды. Алматыдағы мектептердің бірінді ағылшыннан сабақ беретін ол оқушыларға тілді де ерекше жолмен үйретіп жүр. Ол сабақ барысында жаңа сөздерді рэп арқылы үйретіп, әуен мен ырғақтың көмегімен оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып жүр. Жақында оның сабағы кезінде түсірілген бір видео Instagram желісінде кеңінен тарап, миллионнан астам қаралым жинады. Бейнежазбада ол музыкалық ырғақпен ағылшын тіліндегі етістік шақтарын түсіндіреді. Turkystan.kz сайтының тілшісі Аджиболамен хабарласып, оның Қазақстандағы өмірі, ұстаздық жолы, шығармашылығы мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен-тін.

Басында аяздан «қашып» едім, қазір Шымбұлақта сноуборд тебемін

«Мен Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келгенмін. Йорубамын. Бакалавриатта психология мамандығы бойынша, кейін білім беру саласы бойынша білімімді жетілдірдім. Содан соң Қазақстанда менеджмент мамандығы бойынша магистр дәрежесін иелендім. Ағылшын тілі мұғалімі ретіндегі кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында Cambridge CELTA халықаралық сертификатын алдым. Қазір докторантурада білімімді жалғастырып, диссертация жазумен айналысып жүрмін.

Негізгі кәсіби қызметім – оқытушылық. Осы уақытқа дейін балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге сабақ бердім. Сонымен бірге мектеп футбол командаларын жаттықтырдым. Мұғалімдердің кәсіби дамуына көмектесу және ағылшын тілін үйренгісі келетін жандарға мақсатына сай сабақ табуға жәрдемдесу үшін Aji English Lab жобасын құрдым. Оқытушылықтан бөлек, Қазақстандағы өмір, футбол, тіл үйрену және мәдениеттер тоғысында туындайтын қызық әрі күлкілі жағдайлар туралы бейнематериалдар әзірлеймін. Кейде осы тақырыптар өзара байланысып жатады. Мысалы, ағылшын тілі сабағынан түсірілген шағын бейнеролик әлеуметтік желіге кеңінен тарап, тіл үйрену мен білім беру мәселелері төңірегінде пікір алмасуға себеп болуы мүмкін. Осылайша, кәсіби тәжірибем мен күнделікті өмірім өзге ұлт өкілдерін ортақ тақырып аясында біріктіреді», – дейді ол.

Аджибола Қазақстанға 2018 жылы футбол ойнау мақсатында қоныс аударған. Нигерияның аптап ыстығына бойы үйренген ол Астананың қақаған аязын алғашында тосырқап қабылдаған.

«Алғашқы бірнеше ай Астанада тұрып, кейін Алматыға көшіп бардым. Шынымды айтсам, бұл шешіміме өңмеңіңнен өтіп кететін Астананың сарышұнақ аязы да әсер етті. Қазақстандағы алғашқы қыс әлі есімде. Бір күні сыртқа шықсам, күннің суығы шамамен –20 градус екен. Ғұмырымның басым бөлігін Лагоста өткізген мен мұндай сақылдаған сары аязды алғаш рет көруім еді.

Ал Алматы маған бірден ұнады. Қаланың тыныс-тіршілігі, тұрғындары, өзіндік «бояуы» ерекше әсер қалдырды. Бір қызығы, қазақша да, орысша да білмесем, қала ішінде еш қиналмай жүріп-тұра алдым. Жақсы адамдармен танысып, достар таптым. Сөйтіп, Алматыда қалуды ұйғардым. Алайда футболдағы жоспарларым бастапқыдай өрбіген жоқ. Жарақат алып қалдым, оның үстіне, футбол клубтарымен келісімшартқа отыру да оңай болмады. Содан кейін ағылшын тілін оқыту ісіне қайта ден қойдым. Уақыт өте келе жұмысым, шәкірттерім, достарым мен әлеуметтік желідегі оқырмандарымның ықыласы Қазақстанда тұрақтап қалуыма себеп болды.

Өмірімнің ең маңызды кезеңдерінің бірі осы елде өтті. Алматыда еңбек еттім, достар таптым, өз ортамды қалыптастырдым. Сондықтан бүгінде бұл қаланы бөтен жер деп қабылдамаймын. Алматы – мен үшін туған жерім болмаса да, өз үйімдей ыстық мекен. Қазір Шымбұлақта сноуборд теуіп, қыста қар үстінде футбол ойнаймын. Мұны Қазақстанға алғаш келген кезімдегі өзіме айтсам, сенбес едім. Бір кездері –20 градус аязға таңғалып, далаға шығудың өзін қиын көрген мен бүгінде қыстың қызығын өз алдына бір ғанибет деп білемін» – дейді ол.

Сабақта хип-хоп ырғағымен өткен шақтағы етістіктерді қайталаймыз

Ол Алматыдағы Zaman School мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Аджибола ағылшын тілін үйрену тек жаңа сөздер жаттап, грамматика меңгерумен шектелмейді деп есептейді.

«Мұнда IB бағдарламасы бойынша бастауыш (Primary Years Programme) және орта буында (Middle Years Programme) білім алатын оқушыларымен жұмыс істеймін. Кіші жастағы оқушыларға жаңа сөздерді үйреткенде, түрлі оқиғаларды әңгімелеп, тақпақтар айтқызып, қимыл-қозғалыстарды пайдаланамын. Ал жасы үлкендеу оқушылармен сабақта белгілі бір мәселені талқылап, өз ойларын дәлелдеуге, өзгелердің пікірлерімен салыстыруға және ортақ жобалар жасауға көңіл бөлемін.

Маған IB бағдарламасы аясында сабақ берудің ұнайтын тұсы – ағылшын тілін оқушылардың басқа сабақтарда өтіп жатқан тақырыптарымен ұштастыруға мүмкіндік мол. Мысалы, балалар мәдени мұра мен спортты зерттеп жүрсе, бір-бірінен ұлттық ойындар туралы сұхбат алып, сол ойындардың ережесін білмейтін сыныптасына түсіндіріп бере алады. Өйткені әр баланың өзгелерге айтқысы келетін өз әңгімесі бар. Ал ағылшын тілі сол ой мен әсерді өзгелерге жеткізудің құралы ретінде үлкен рөл атқарады», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралғандай, Аджибола оқушыларға ағылшын тілін ерекше тәсілмен үйретіп жүр. Ол күрделі грамматикалық ережелерді, етістік шақтарын және жаңа сөздерді хип-хоп ырғағына салып түсіндіреді.

«Өзіңіз жақсы көретін әннің қайырмасын қаншалықты тез жаттап алатыныңызды еске түсіріңізші. Әнді бірнеше рет тыңдасаңыз болды, біраздан кейін өзіңіз де қосылып айтып жүргеніңізді байқайсыз. Мен осы тәсілді сабақта да қолданғым келді. Әсіресе оқушылар жаңа сөздерді жаттап, грамматикалық құрылымдарды қайталағанда ән ырғағын пайдаланудың пайдасы зор. Ырғақ балаларға сөздерді есте сақтауға көмектеседі, ал бәрі қосылып айтқанда, ұяңдау оқушылардың да сабаққа араласуына жол ашылады.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бейнежазбамда рэперлерге тән дөрекілеу мәнермен ән айтқан едім. Көрермендерді күлдірген де осы тосын орындау мәнері болды. Ал сабақ үстінде мен үшін маңыздысы – оқушылардың үйренген сөздері мен ережелерін кейін қалай қолданатыны. Мысалы, белгілі бір ырғақпен өткен шақтағы етістіктерді қайталаймыз. Содан соң оқушыларды жұпқа бөліп, бір-бірінен демалыс күндерін қалай өткізгенін сұратамын. Бастапқыда бәрімен бірге хормен айтқан went сөзін кейін оқушының «I went to my grandmother’s house» деп өз әңгімесінде қолданғанын есту – мен үшін үлкен нәтиже. Өйткені бұл оның жаңа сөзді жаттап қана қоймай, күнделікті әңгімесінде еркін қолдана бастағанын көрсетеді. Осындай әдіс оқушының сөздерді есте сақтауына да, өзіне деген сенімін арттыруға да көмектеседі», – дейді ол.

Аджибола қазақ тілін 2021 жылдан бері үйреніп келеді. Айтуынша, қазақ тілін үйрену барысында кезігетін қиындықтар оған оқушыларының ағылшыншаны үйрену кезіндегі кедергілерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

«Қазақ тілін 2021 жылы үйрене бастадым. Әуелде амандасу сөздері мен күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын қарапайым тіркестерді үйрендім. Әлі де қазақша еркін сөйлеп, ұзақ әңгіме құруға машықтанып жүрмін. Орыс тілін де қолданамын. Қазір әлеуметтік желіге орыс тілінде де бейнежазбалар түсіремін. Қазақша сөйлегенде көбіне әңгімелесушінің не айтқанын түсінемін, бірақ жауап беруге келгенде ойымды жинақтап, сөзімді құрастыруға біраз уақыт қажет болады.

Өзім де тіл үйреніп жүргендіктен, оқушыларымның қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы түсінемін. Әсіресе, сенімсіз болып тұрғанда немесе қажет сөзді есіңе түсіре алмай тұрғанда, өзге тілде сөйлеуге батылдық қажет. «Qara Qarğa» әнін шығару арқылы тіл үйренудің осы қырын да көрсеткім келді. Оның үстіне, кейде сөз таба алмай тосылып қалатын кездеріме өзгелердің де менімен бірге күле білгенін қаладым», – дейді Аджибола.

«Қара қарға қарға қарады» жаңылтпашын әнге айналдырдым

Қазір әлеуметтік желіде жаңылтпаш негізінде жазылған, Аджибола орындайтын «Qara Qarğa» әнін қайталап айтып жүргендер аз емес. Аджи Найман лақап атымен шығып жүрген ол аталған әнді жазуға бір аптаға жуық уақыт жұмсап, досының көмегіне жүгінсе керек.

«Бұл идеяны әлеуметтік желіден көрген бір әзіл бейнежазбадан алдым. Онда бір адамнан «Испанша сөйлей аласың ба?» деп сұрайды. Мен осы үлгіні қазақ тіліне бейімдеп, қазақша сөйлеу оңай деп сенімді түрде айтатын адам туралы әзіл түсіргім келді. Екінші кейіпкер оған бірінен соң бірін қарапайым сөздерді аударуды ұсынады. Ол «қара», «қарға», «қар» сөздерін еш қиналмай айтады. Алайда осы сөздерді біріктіріп, тұтас тіркесті екі рет жылдам қайталау керек болғанда, сенімділігі су сепкендей басылады. Өзге тілді үйреніп жүрген адам мұндай жағдайды жақсы түсінеді. Әр сөзді жеке-жеке айтқан оңай, ал оларды бір сөйлемге біріктіріп, жылдам айтуға келгенде, тіліміз күрмеліп қалады. Қазақша ән мәтінін жазуға бір аптаға жуық уақытым кетті. Бұл іске қазақ тілінің ережесін түсіндіруге көмектескен досым да араласып, мәтіннің кей тұстарын бірге жаздық. Жаңылтпашты әуен ырғағымен айтып көргенде-ақ, оның әннің қайырмасына сұранып тұрғанын байқадық. Содан кейін оны толыққанды әнге айналдырып, 12 қарашада жарыққа шығардық. Әнді «Qara Qarğa» деп атадым. Өйткені жаңылтпаштағы негізгі кейіпкер – қарға. Қазақшаны үйреніп жүргендерге мұны айту оңай емес. Алдымен «қара қарға» деп бірнеше рет қайталап көріңіз. Содан кейін «Қара қарға қарға қарады» деген толық жаңылтпашты айтып көріңіз. Жылдамдатып айтқанда, оның неге әнге айналғанын бірден түсінесіз.

Лақап атымның шығу тарихын сұрасаңыз, «Аджи» – Аджибола есімінің қысқартылған түрі. Ал «Найман» атауы Қазақстандағы достарыммен әңгімелесу барысында пайда болды. Бірде осы атауды естіп, оның мәнін сұрадым. Олар маған наймандар туралы кеңінен айтып берді. Бұл әңгіме менің қызығушылығымды оятып, тарихын тереңірек білуге түрткі болды. Йоруба тіліндегі өз есімімнің қазақ жұртына жақсы таныс «Найман» атауымен қатар айтылғаны да ұнады. Уақыт өте келе, әлеуметтік желіде мені «Аджи Найман» деп тани бастады. Қазір Алматы көшелерінде келе жатып, бейнежазбаларымды көрген адамдардың «Аджи!» деп дауыстағанын жиі естимін. Бір кездері достарымның арасында туған лақап атымның бүгінде бейтаныс адамдардың да мені тануына себеп болғаны көңіліме ерекше жылылық сыйлайды», – дейді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, Аджибола әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Нигерия мен Қазақстанның тұрмыс-тіршілігін салыстырып, екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар туралы бейнежазбалар жариялап жүр.

«Менің байқауымша, Нигерия мен Қазақстанның ұқсас тұстары аз емес. Екі халық та отбасын қадірлейді, қонағын құрметтеп қарсы алады, үлкенге ізет көрсетеді. Нигериялық отбасыларда да, Қазақстанда қонақ болған үйлерде де келген адамға алдымен ас ұсынуға тырысады. Ұлттық тағамдарымыз бөлек болғанымен, қонақтың қарны тоқ, көңілі тоқ болғанын қалайтын ниетіміз бірдей. Маған ұлттық тағамдар, әсіресе, қазақша еттің дәмі ұнап қалды.

Екі елдің ең үлкен айырмашылығын алғашында ауа райынан сезіндім. Нигерияда өскен адам үшін Қазақстанның қыс мезгіліне үйрену оңай емес. Адамдармен араласу мәнерінен де өзгешеліктерді байқаймын. Нигерияда бейтаныс адаммен де тез тіл табысып, аз уақыттың ішінде әзілдесіп, ұзақ әңгімеге кірісіп кету – қалыпты жағдай. Елімнен жырақта жүргенде осындай еркін араласуды сағынамын. Тамыз айында Нигерияға барғанымда, бұрын мән бермеген дүниелердің өзін ерекше байқай бастадым. Екі елдің тұрмысын салыстыратын бейнежазбаларымның идеясы да осындай сәттерден туады. Нигерия – отбасым, туған-туысым, ата-бабамның ізі қалған мекен. Ал Қазақстанда есейіп, өмірімнің маңызды кезеңдерін өткіздім. Сондықтан екі елді де өз үйімдей көремін», – дейді ол.

Жоспары айқын, мақсаты нық Аджибола Аннуки білім беру мен медиа саласындағы бастамаларын дамытып, Қазақстан мен Нигерия арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздейді.

«Алдағы уақытта Aji English Lab жобасын кеңейтіп, оқушылар мен мұғалімдерге арналған жаңа бастамаларды жүзеге асырғым келеді. Сабақтарымда балалардың тілдік дағдыларын дамытуға көмектесетін қысқа әндер, еркін сөйлеуге үйрететін ойындар мен бейнежазбаларды көбірек қолдануды жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар бірнеше тіл қатар қолданылатын ортада мұғалімдердің цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілерді сабақта тиімді пайдалану жолдарын зерттегім келеді. Мұғалім әрі контент авторы ретінде мені үнемі мына мәселе ойландырады: адам бейнежазбаны көріп қана қоймай, сол жерде естіген сөздерін өзі айтып, тілдесуге қалай талпынады екен?

Шығармашылық жоспарларым да аз емес. YouTube-қа арналған бейнежазбалар санын көбейтіп, кино саласында бағымды сынап көрсем деймін. Әрі медиа әлемінде жаңа бағыттарды байқап көргім келеді. Қазақстанның білім беру жүйесі, әзіл-оспағы, сән әлемі, спорты мен күнделікті тіршілігін қамтитын контент жасауды жалғастырғым келеді. Музыкамен де айналысып, қазақша көп бейнежазбал жүктемекпін.

Ең үлкен армандарымның бірі – қазақстандықтарға Нигерияның күнделікті өмірін таныстырып, ал нигериялықтарға өзім жақсы көріп, жақын таныған Қазақстанды көрсету. Өйткені екі елде де біраз жыл өмір сүрдім, сондықтан қос елдің тыныс-тіршілігі туралы айтарым көп», – дейді ол.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ