Атырау облысының прокуратурасы тәркіленген есірткі заттарының жоғалуын, ауыстырылуын және ұрлануын болдырмау мақсатында жаңа тетік енгізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Енді мұндай заттай айғақтар арнайы сейф-пакеттерге оралады.
Олардың әрқайсысының бірегей сериялық нөмірі бар, штрихкодпен және QR-кодпен таңбаланады.
Бұл тәркіленген заттың жолын барлық кезеңде: тәркілеген сәттен және сот сараптамасына тапсырудан бастап жоюға дейін қадағалауға мүмкіндік береді.
Практикада қолдану үшін бірыңғай іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Есірткімен жұмыс істеудің барлық рәсімдері бейнежазбаға түсіріледі.
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Атырау облысының Полиция департаменті төрт түрлі 1000-нан астам сейф-пакет сатып алды.
Жаңа тәсіл процестік рәсімдерді анағұрлым ашық етеді, заттай айғақтардың сенімді сақталуын қамтамасыз етеді және қылмыстық қудалаудың заңдылығы кепілдіктерін нығайтады.