Астанадағы сот Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейірханға қатысты үкім шығарды. Ол жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Ішкі істер министрлігі бұрынғы басшыға қатысты бұдан кейін қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
19 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Мейірханды Қылмыстық кодекстің 123-бабының 1-бөлігі («Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу») бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Бұл 2026 жылы 6 487 500 теңгені құрайды.
«Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Іс жабық сот отырысында қаралды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп растады Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұл оқиға 2026 жылдың сәуір айында көпшілікке белгілі болды. Сол кезде әлеуметтік желілерде Данияр Мейірханға қатысты қызметкерлердің шағымдары туралы ақпарат тараған.
Жарияланым авторлары полицейдің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкер әйелге тиісті деп күдікке ілінгенін жазған. Сондай-ақ оның қарамағындағы 20 қызметкердің ұжымдық шағым түсіргені хабарланған.
ІІМ қызметкерлерден өтініштер түскенін растады. 8 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ведомство сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында процессуалдық тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тексеру кезінде Мейірхан қызметінен шеттетілген.
Кейін, 2026 жылдың мамырында ІІМ Мейірханға қатысты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы («Сталкинг») бойынша қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.