Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бапкерімен келісімшартты тоқтатты

Бүгін, 15:36 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жеке бапкері Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатқаны белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов КҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Қазір Шайдоров үшін жаңа олимпиадалық кезең басталды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, иә, Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылды. Олимпиада чемпионымызды дайындауға қосқан үлесі үшін оған зор алғысымызды білдіреміз», – деді министр.

Еске сала кетейік, Алексей Урманов – 1994 жылы мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада чемпионы атанған спортшы. Ол үш жыл бойы Михаил Шайдоровтың бапкерлер тобын басқарды.

Ресейлік маманның жетекшілігімен қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы спорттық мансабындағы ең үлкен жетістігіне жетті. 2026 жылдың ақпанында Миланда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Осылайша Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.