Абай облысында синтетикалық аумен заңсыз балық аулағандар ұсталды

Бүгін, 15:14 / Алуа Арман
polisia.kz

Абай облысында "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аңшылық және балық аулау ережелерін бұзудың алты дерегі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға бағытталған рейд 16 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады.

Бородулиха ауданында балық аулау және балық ресурстарын қорғау ережелерін бұзудың екі дерегі тіркелді. Заңсыз балық аулау кезінде "қытай аулары" деп аталатын синтетикалық моножіптен жасалған ау құралдары пайдаланылған.

Мұндай тасталған немесе үзілген аулар су айдындарында ұзақ уақыт қалып, балықтар мен басқа да су жануарлары үшін қауіпті тұзаққа айналады. Балық аулау ережелерін бұзудың тағы екі дерегі Көкпекті ауданында және Семей қаласында анықталды. Ал Ақсуат және Көкпекті аудандарында аңшылық ережелерін бұзудың екі дерегінің жолы кесілді.

Полиция аңшыларға белгіленген шектеулерді сақтауды ескертеді. Тыныштық аймақтары мен жануарлардың көбею учаскелерінде аң аулауға тыйым салынған. Сондай-ақ елді мекендер аумағында және олардың айналасындағы үш шақырым радиуста тегіс ұңғылы және ойық ұңғылы аңшылық қаруды қолданып аң аулауға болмайды.

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы 30 қарашаға дейін жалғасады. Полицейлер тұрғындарды табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға және браконьерлік деректері туралы "102" нөміріне хабарлауға шақырады.

 

Тэгтер:

балық Абай облысы ау