«Заң мен Тәртіп» – Президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жолындағы саяси бағытының негізі

Бүгін, 13:57 / Алуа Арман
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан III Стратегиялық серіктестер форумында еліміздегі жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, жемқорлар жазадан құтылмайтынын, оларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайтынын баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы «Заң және Тәртіп» қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз етеді. «Заң және Тәртіп» – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады. Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр. Конституциямызда заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазу арқылы осы өзгерістердің нәтижесін бекемдей түсеміз. Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз», – деді Президент.

 

Тэгтер:

Тоқаев