М.Ломоносов атындағы ММУ филиалы Қазақстанда 25 жылдан бері студенттер қабылдап келеді – Мемлекет басшысы

Бүгін, 13:42 / Інжу Әлихан
Ақорда

Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін.

Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды.

Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келеді.

Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Жақында аталған филиалдың ашылғанына 25 жыл болды.

Мерейтойлық датаға орай білім ошағына барынша қолайлы, маңызды міндеттерді орындауға бейімделген жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.

Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты.

Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды», – деді Президент.