Келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады – Мемлекет басшысы

Бүгін, 13:28 / Алуа Арман
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында жақында Жолдауында айтылған «Халықтық құрылыс» жобасына тоқталып, бұл жоба кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет ететінін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жалпы, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мен биылғы Жолдауымда «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жарияладым. Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек. Қысқаша айтқанда, бұл – «барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс». Себебі «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады. Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады. Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.

«Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер. Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін, ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болады. Демек «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық», – деді Президент.

Тэгтер:

Тоқаев Халықтық құрылыс