Халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел – Президент Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесі туралы

Бүгін, 13:10 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихи белестері мен ел дамуының негізгі кезеңдеріне тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр.
 
Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл.
 
Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр.
 
Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді.
 
Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды.
 
Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға.
 
Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас», – дейді Президент.