11 құты сусабын, 22 қорап шоколад: Оралда дүкендерді тонап жүрген тұрғын ұсталды

Бүгін, 11:55 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Оралда бірнеше супермаркеттен шоколад, сусабын және дезодорант ұрлады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция мәліметінше, қаладағы базар маңында орналасқан супермаркеттердің бірінде ұрлық дерегі тіркелген. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам дүкен сөрелеріндегі тауарларды киімінің қалтасына жасырып, ақысын төлемей алып шыққан.

Алғашында ол супермаркеттен Head & Shoulders және Elseve сусабындарын ұрлаған. Кейін сол дүкенге қайта келіп, Merci шоколадтарын алып кеткен. Осылайша аталған сауда орнынан барлығы 11 құты сусабын мен 14 қорап шоколад ұрланған.

Бірнеше күннен кейін күдікті базар маңындағы тағы бір супермаркеттен 8 қорап Merci шоколадын, ал келесі сауда орнынан 10 құты Old Spice дезодорантын ұрлаған.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Полиция сауда орындарының иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бейнебақылау камераларын орнатуға және тауарлардың сақталуын бақылауға шақырды.