Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше мән беріп келеді. Еліміздің колледждерінде заманауи технологиялар мен оқытудың жаңа тәсілдері, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы көпсалалы колледжінің екінші курс студенттері Сұлтан Жұматаев пен Никита Шеенко жасанды интеллект құралдарының көмегімен болашақ автомеханиктерге арналған AUTO.AI интерактивті білім беру платформасын әзірледі.
Жобаның басты ерекшелігі - студенттер автомобильдің құрылысын виртуалды ортада тәжірибе жүзінде меңгере алады. «Орбиталық гараж» арқылы қозғалтқыш пен беріліс қорабын бөлшектеп, әрбір тетіктің қалай жұмыс істейтінін көруге, автомобиль жүйелерін сынақтан өткізуге және ақауларды анықтауды үйренуге болады.
Платформада 3D-модельдер, интерактивті тапсырмалар және білімді тексеруге арналған тесттер біріктірілген. Оқу бағдарламасы алты қысқа сабақтан тұрады. Бұл тәсіл күрделі техникалық тақырыптарды көрнекі әрі түсінікті түрде меңгеруге, практикалық дағдыларды қауіпсіз ортада дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаға колледждің өндірістік оқыту шебері Сәуле Китуева жетекшілік етті. Бүгінде қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейтін платформа колледждің оқу үдерісіне енгізілуде. Ал студенттер оны жаңа сабақтармен және оқу материалдарымен толықтыруды жоспарлап отыр.
Бұл бастама жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін жұмысшы мамандарды даярлауда тиімді пайдалануға болатынын көрсетеді. Ең бастысы, студенттер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды кәсіби білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер жасау үшін қолдануда.