Ақмола облысы орталығында жылына 60 млн данаға дейін кірпіш шығаруға қауқарлы жаңа зауыттың құрылысы жалғасуда. Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба аясында 200 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, құрылыс саласын отандық материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Кірпіш зауыты» ЖШС құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Қазір құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынды іске қосуға дайындық аяқталуға жақын. Техникалық ашылуы жыл соңына жоспарланған. Ал толық қуатына 2027 жылы шығу көзделіп отыр. Дайын өнімнің негізгі өткізу нарығы Қазақстан болады.
Сапар барысында өңір басшысы облыста құрылыс жұмыстарының ауқымы артып келе жатқан кезеңде құрылыс материалдарына деген сұранысты отандық өнім есебінен қамтамасыз етудің маңызы зор екенін атап өтті.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында түрлі нысандардың құрылысы кең көлемде жүргізіледі. Бұл ретте отандық құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық беріледі. Бүгінде облыста Қазақ музыкалық-драма театры мен стадион сияқты ірі нысандар салынып жатыр. Олардың барлығы құрылыс материалдарының едәуір көлемін қажет етеді. Сондықтан кірпіш зауыты сияқты кәсіпорындардың іске қосылуы стратегиялық маңызға ие. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.