ШҚО-да мұғалімін балағаттаған 17 жастағы оқушыға айыппұл салынды

Бүгін, 09:30 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл аудандық соты 17 жастағы оқушыға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 275 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот анықтағандай, 2026 жылы 19 қазанда сабақ барысында жасөспірім сыныптастарының көзінше сынып жетекшісін былапыт сөздермен балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған.

Сот отырысында оқушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, мұғалімнен кешірім сұраған. Оқиға мән-жайы іс материалдарымен расталған.

Айыппұл тағайындау кезінде сот оқушының жасын, кінәсін мойындауын және өкінуін, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 66-бабында көзделген кәмелетке толмағандарға әкімшілік жаза қолдану ерекшеліктерін ескерген.