Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Айман Талғатқызы әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық өміріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол жазбасында Тұрсынбек Қабатовтың екі отбасының алдындағы міндеттерін ешқашан ұмытпағанын, балаларын қараусыз қалдырмағанын атап өтті.
«Тұрсынбек қай үйде болса да, екі отбасының алдындағы міндеттерін шектеп, азайтып, қараусыз, сұраусыз қалдырған емес ешқашан. Қолыңнан келсе, сегіз балаңды асырап, жақсы мектептерде оқытып, жақсы киіндіріп, бар жағдайын жаса», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Айман Талғатқызы екі әйелдің де әзілкешті сүйгенін, оған сеніп, үміт артқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайды біреудің жеңісі, екіншісінің жеңілісі деп бағалауға болмайды.
«Екі әйел де сүйді, екеуі де сенді, үміттенді, әрқайсысының өз түсінігіне көрер жолы болды. Біреу жеңді, біреу жеңілді деген жоқ. Алла әр тарапқа өзінше сынақтармен қатар қайырын берді», – деді ол.
Айман Талғатқызы кейбір әйелдердің заңды некеге ғана сүйеніп, отбасындағы сезім, ортақ мақсат пен жетістікті екінші орынға ысыратынын астарлап айтқысы келгенін түсіндірді. Алайда оның жазбасын әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі қабылдаған.
«Ал мен әйелімін деп, бірақ әйел деген атынан ауытқып кеткен әйелдер көп. Шаршап жүрген, заңды әйелімін дейді, бірақ өмірде тек сенері – бір парақ қағаз. Араларында сезім де, мақсат та, жетістік те жоқ. Мен соны астарлап айтқан едім. Жалма-жал Threads-қа салып, тек басқаша түсініп, одан әрі бықсып жатыр екенсіздер», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Айман Талғатқызы Тұрсынбектің болашақта тағы да үйленуіне қарсылық білдірмейтінін жеткізді.
«Менен кейін 10 қатын алса да, Алла қаласа алады. Маған десе, әр өңірде бір ұрпағы қалсын. Кім біледі, солардың ішінен бір ел басқаратын, Абайдай ұлы тұлғалар шықпасына кім кепіл? Бұл – біреудің тарихы», – деп түйіндеді ол.