Таразда дрифт жасаған 23 жастағы жүргізуші айыппұл арқалады

Бүгін, 23:33 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Тараз қаласында автотұрақта Lada көлігімен қауіпті маневрлер жасаған 23 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жас жігіттің әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға қаладағы этномәдени орталықтың автотұрағында болған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Жедел басқару орталығының қызметкерлері көшелердегі бейнебақылау камераларын бақылау кезінде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегін анықтаған.

Бейнежазбада Lada маркалы автокөліктің жүргізушісі тұрақ аумағында дрифт жасап, көлікті әдейі сырғанатып жүргізгені байқалған. Осы әрекеті арқылы ол айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жол жабынына зақым келтірген.

Оқиға анықталғаннан кейін патрульдік полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде құқықбұзушылық жасаған автокөлік пен оның жүргізушісі анықталды.

"Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті анықтап, жүргізушіні жолдар мен басқа да жол құрылыстарына зақым келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты", – деп хабарлады полиция департаменті.

Осылайша, автотұрақта қауіпті маневр жасаған жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Тэгтер:

көлік Тараз