Қызылордада қала көшелерінде қауіпті маневр жасап, көлік кортежін ұйымдастырған сегіз жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жастардың жолдағы әрекеті әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полицияның назарына іліккен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құқық қорғау қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтаған. Желіде тараған бейнежазбада бірнеше автокөліктің қоғамдық жолда тізбектеле жүріп, қауіпті маневрлер жасағаны байқалады. Кортежге қатысушылар жол бойында ирелеңдеп қозғалып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген. Бұдан бөлек, кейбір жолаушылар қозғалыс кезінде көліктердің терезелері мен люктерінен бастарын және денелерін сыртқа шығарған.
Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп, заңбұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтаған. Нәтижесінде сегіз жүргізушінің жеке басы белгілі болды.һ Олардың барлығы 20 мен 25 жас аралығындағы азаматтар екені анықталған.
Полиция қызметкерлері жүргізушілердің әрекетіне құқықтық баға беріп, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, жүргізушілерге маневр жасау ережелерін бұзу, жолда апаттық жағдай туғызу және жол қозғалысы талаптарын сақтамау деректері бойынша шаралар қолданылған.
Тексеру қорытындысы бойынша кортежге қатысқан үш азаматтың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде де қаралған. Сот шешімімен олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді.