Алматы халықаралық әуежайы Аустралиядан келген ерекше жүкті қабылдады. Әуе көлігімен Қазақстанға дорпер тұқымды 558 қой жеткізілген. Жануарларды тасымалдау кезінде арнайы ветеринариялық және санитариялық талаптар сақталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы 18 қарашада Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлімдеді. Әуежай өкілдерінің айтуынша, жақында жүк терминалына Австралиядан арнайы рейспен асыл тұқымды қойлар жеткізілген. Барлығы 558 бас дорпер тұқымды қой қабылданған.
Әуежайдың баспасөз қызметі тірі жануарларды әуе көлігімен тасымалдау қарапайым жүк жеткізуден әлдеқайда күрделі екенін атап өтті. Мұндай рейстерді ұйымдастыру кезінде жануарлардың қауіпсіздігі мен жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, қойлар орналастырылатын контейнерлердегі ауа температурасы, желдету жүйесінің жұмысы және жануарлардың еркін орналасуына жеткілікті кеңістік болуы ескеріледі. Сонымен қатар тасымалдау халықаралық ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.
"Жануарларды тасымалдау мұқият дайындықты талап етеді. Ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтаумен қатар, тасымалдау контейнерлеріндегі температураны, желдету жүйесін және жануарларға арналған кеңістікті де ескеру маңызды. Мұндай рейстердің артында мұқият жоспарланған логистика мен ALA түрлі қызмет мамандарының үйлесімді жұмысы тұр", – деп хабарлады әуежай өкілдері.