Ташкенттегі каналдардың бірінен қолтырауын табылды

Бүгін, 17:50 / Алуа Арман

Балықшылар Ташкент қаласындағы Қарасу каналынан Ніл қолтырауынының күшігін тауып алған. Бауырымен жорғалаушы ұзақ уақыт суық суда болғандықтан қатты әлсіреген. Қазір қолтырауын хайуанаттар бағында карантинге орналастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ташкент хайуанаттар бағының мамандары жануарды қауіпті каналдан алып шығып, хайуанаттар бағына жеткізген.

Мамандардың айтуынша, қолтырауын бір жаста.

Ташкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі хабарлағандай, мамандар маңайда басқа да бауырымен жорғалаушылардың жоқтығына көз жеткізу үшін аумақты тексерген.

Қазіргі уақытта Ніл қолтырауынының Өзбекстан су айдындарында қалай пайда болғанын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзбекстанның Ұлттық экология және климаттың өзгеруі комитеті ел заңнамасына сәйкес, жеке тұлғаларға жабайы жануарларды, соның ішінде қолтырауындардың барлық түрін жартылай еркін жағдайда, жасанды тіршілік ортасында немесе тұтқында ұстауға тыйым салынатынын ескертті. Сондай-ақ оларды цирк қойылымдарында пайдалануға да рұқсат жоқ.

Ніл қолтырауыны – қолтырауындар тұқымдасының ең ірі әрі қауіпті өкілдерінің бірі. Табиғи ортада ол Африканың тұщы су өзендерінде, көлдері мен батпақты жерлерінде тіршілік етеді.

Тэгтер:

Ташкент Қолтырауын канал