Қарағандыда үш жалған iPhone-ды 400 мың теңгеге сатқан күдікті ұсталды

Бүгін, 16:50 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қарағанды облысында түпнұсқа iPhone ретінде жалған смартфондар сатқан 24 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір оның осыған ұқсас бірнеше алаяқтық дерегіне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Тергеу мәліметінше, Атырау облысының тұрғыны ауыл-аймақтарды аралап, арзан көшірме смартфондарды түпнұсқа деп сатып келген. Алаяқтың құрбаны Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 40 жастағы әйел болды. Күдікті оған үш iPhone телефонын 400 мың теңгеге ұсынған.

Әйел бастапқыда құрылғылардың түпнұсқалығына күмәнданғанымен, IMEI-кодтарын тексерген соң сатып алуға келіскен. Сатып алушының қолында 300 мың теңге ғана болған. Ол қалған соманы таныстарынан қарызға алғанша сатушыдан күте тұруды өтінген. Алайда күдікті қолда бар ақшаға келісіп, қалған соманы алмай-ақ оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін әйел телефондарды арнайы дүкенге апарып тексерткенде, үш құрылғының да жалған екені белгілі болған. Мамандар олардың нарықтық құны 30 мың теңгеден аспайтынын анықтаған.

Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Бұқар жырау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол Жамбыл облысында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Полиция оның Қарағанды облысында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Айта кетейік, алданған әйел әлеуметтік желіде жазба жариялап, полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген.