Семей қаласының прокуратурасы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025–2026 оқу жылында қаладағы 44 жалпы білім беру ұйымында оқитын, заң бойынша тегін тамақтануға құқығы бар 197 оқушының іс жүзінде тегін тамақпен қамтамасыз етілмегені белгілі болды.
Семей қаласы прокуратурасының араласуы нәтижесінде барлық 197 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қалпына келтірілді. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде оқушылар тегін тамақ алушылардың тізіміне енгізілді.
Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды.
Абай облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыруда.